Шахтинск қаласында екі баланың анасы жұмбақ жағдайда жоғалып кетті
Қарағанды облысы Шахтинск қаласында 24 жастағы Ақжарқын Қайдарова жоғалып кетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ekaraganda.kz басылымына сілтеме жасап.
Бұл туралы жоғалған келіншектің күйеуі Нұртас Қайдаров мәлімдеген. Ер адамның айтуынша, 15 мамыр түстен кейін әйелі үйден шығып, Шахтинск қаласының 26-шы кварталында тұратын әкесіне барған. Әкесінің үйін тазалап болғаннан кейін, келіншек азық-түлік аламын деп дүкенге кеткен.
Дүкендегілер Ақжарқынды көріпті. Бірақ одан кейін келіншек із-түссіз жоғалып кеткен. Ер адам әйеліне үш сағат бойы қоңырау шалғанын, телефоны қосулы тұрғанын, бірақ телефонды ешкім көтермегенін айтты. Кешкі сағат сегіз шамасында келіншектің телефоны сөніп қалған.
"Ол әкесінің үйінен сағат 16.30 шамасында кеткен. Мен оған үш сағат қатарынан қоңырау шалдым, бірақ ешкім жауап бермеді. Содан кейін телефон сөніп қалды. Бұған дейін ол ешқашан үйден шықпаған. Ол өте жауапты адам. Бұлай балаларын тастап кетіп қалуы мүмкін емес. Үлкен ұлымыз алты жаста, ал кіші қыз төрт жаста", - деді Нұртас Қайдаров.
Полиция департаменті арыз беру фактісін растап, жоғалған келіншекті табу үшін барлық шараларды қолданып жатқандықтарын мәлімдеді.