Сердар Бердімұхамедов Түркіменстан президенті сайлауында жеңіске жетті
Сердар Бердімұхамедов (елдің қазіргі президентінің ұлы) Түркіменстанның жаңа президенті болып сайланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сердар Бердімұхамедов сайлауда 72,97% жинады, деп хабарлады елдің Орталық сайлау комиссиясы.
"Түркіменстанның сайлау кодексінің 76 - бабына сәйкес және Орталық сайлау комиссиясының 2022 жылғы 14 наурыздағы қаулысы негізінде 72,97 пайыз дауыс жинаған Түрікменстан Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары Сердар Гурбангулыұлы Бердімұхамедов Түркіменстан президенті болып сайланды деп танылды", - делінген Орталық сайлау комиссиясының хабарламасында.
Айта кетсек, Түркіменстанның президенті Гурбангулы Бердімұхамедов ұлы сайлауда жеңіске жетіп, президент болады деген болжам бұған дейін айтылған еді.
40 жастағы Сердар Бердімұхамедов саясатқа 2016 жылғы қарашада араласа бастады. Алдымен парламенттегі бос орынға өтіп, депутат болды. Сосын сыртқы істер министрлігі ақпарат департаментінің басшысы болды.
2018 жылғы мамырда сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды. Содан бері жылына бірнеше рет жаңа қызметке отырып, саяси лауазымы өсіп отырды.
2019 жылғы қаңтарда Сердар Бердімұхамедов Ахал уәлаяты әкімінің орынбасары, алты айдан соң әкім болып тағайындалды.
2020 жылғы ақпанда өнеркәсіп министрі болды. Бір жылдан соң министрлер кабинеті төрағасының орынбасары қызметіне келді. Түркіменстанда премьер-министр лауазымы болмағандықтан, бұл маңызды қызметтердің бірі саналады. Министрлер кабинетін президент Гурбангулы Бердімұхамедов басқарады. Яғни, осы қызметтің арқасында Сердар Бердімұхамедов Түркіменстандағы екінші адамға айналды.
Сондай-ақ Сердар Бердімұхамедов мемлекеттік бюджет пен шығындарға жауап беретін жоғары бақылаушы орган төрағасы қызметін атқарады, қауіпсіздік кеңесінің құрамына кіреді.
Ол Түркіменстанда ауыл шаруашылығы университетін бітірген. Халықаралық қатынастар мамандығы бойынша Женева мен Мәскеуде оқыған. Үйленген, төрт баласы бар.