Педофил деген кім және жасөспірімдерге сезім білдіргендер жауапкершілікке тартыла ма
Педофилия дегеніміз – тек балаға жыныстық зорлық-зомбылық көрсету емес, баланы ересектерше ұнатуы, денесінен ұстау, тиісу сынды әрекеттермен оған құштарлық болуы. Психологтер педофилдер құрбанын жақын жерден іздейтінін айтады, сол себепті көп жағдайда қаскөй туысқандар, жақын жандар, көршілер арасынан шығады. Stan.kz тілшісі психологтен педофилдерге тән белгілер мен баланы олардан қорғау жолын, ал заңгерден ондай жандарды қандай жаза күтіп тұрғанын сұрап білді.
Фото: novosti-saratova.ru
Әдетте көпшілік педофил деп балаға жыныстық зорлық көрсеткендерді айтады. Алайда педофил жыныстық қатынасқа түспесе де, балаға ерекше сезім білдіріп, жақын болуға тырысады, харассмент көрсетуі де мүмкін. Психоанализ бағытында жұмыс істейтін психолог Жансая Серікова педофилия психологиялық ауытқу екенін айтты. Сондықтан адам өзінен әлі кәмелетке толмаған жасөспірім немесе балаға қызығушылығын сезсе, психотерапиядан өту керек дейді.
Сөзінше, ол психологиялық ауытқу ретінде қарастырылғанымен, педофилді бірден анықтау мүмкін емес, себебі бір көргенде олар қарапайым адамнан айырмашылығы болмауы мүмкін. Бірақ педофилдікке қатысы бар адамдардан бірнеше белгіні байқауға болады екен.
Педофилдік белгілер
- Балаларға қатысы бар салада жүруге ұмтылады;
- Бүлдіршіннің сеніміне кіруге, сырын білуге тырысады;
- Балаға жиі жақындағысы келеді (сүю, құшақтау).
“Педофилдер көбінесе балаларға қатысты салаларда жұмыс істейді. Мысалы балабақшада немесе мектепке жұмыс істеуге, қандай да бір балаларға арналған орындарда жүруге тырысады. Бірақ бұл сол салада жүретін адамдардың бәрі сондай деген сөз емес. Әрі балажан болып көрінеді, тым жақын болуға тырысып, жиі құшақтайды, сүйеді, одан да басқа әрекеттер жасайды. Сондай-ақ олар бала психологиясын жақсы білетінін ескерген жөн. Педофил құрбанын зерттеп, оның сеніміне кіруге, достасуға тырысады, тіпті ата-анасына қарсы қою жолдарын іздеуі мүмкін”, – деді Жансая Серікова.
Қазіргі таңда мұны груминг деп те атайды. Груминг дегеніміз – бұл кәмелетке толмаған мен ересек арасындағы орынсыз қарым-қатынас және сол қатынасты қалыпты нәрсе деп көрсету.
Педофилдер құрбанын қалай таңдайды?
Сөзінше, педофил алыстан келмейді. Ол өзі білетін немесе жақын жердегі балаға көзі түседі. Қазақстанда 80% жағдайда зорлықты туысы, көршісі, өгей әкесі жасайды екен. Жансая Серікова педофилдер құрбаны ретінде ынжық, өз ортасында оқшау, қамқорлық жетіспейтін бүлдіршіндерді таңдайтынын айтады. Айтуынша, мұндай балаларды өз ығына көндіріп, сеніміне кіру оңай.
Сол маман баланың ішкі “Мен”-ін басып, жасық қылып өсірмеуге шақырады. Әрі “жоқ” деп таңдау жасауына мүмкіндік беру керек дейді.
“Балаға тым қатал болып, айтқаныңызды мүлтіксіз орындайтын адам ретінде өсіру оның “ішкі менін” басып тастауы мүмкін. Кей ата-аналар “тамағыңды бітірмей, тұрмайсың” дегендей ультиматум қояды. Бірақ ол не үшін тамақ ішкісі келмей жатқанын сұрап көрген дұрыс шығар. “Үлкеннің айтқанын тыңда” деген қысымға үйреніп қалса, солай болу қажет деп ойлауы мүмкін. Баланы ыңғайлы етіп өсіріп жатсаңыз, қоғамға “құрбанды” дайындап отырғандарыңызды есте сақтаңыздар. Кейін педофил де балаңызға “дыбысыңды шығарма, отыр” деген кезде ол “жоқ” дей алмайды, даусын шығара алмай қалады”, – деді маман.
Сөзінше, бала қарсылық танытса, педофилдер кетіп қалады. Себебі бұған дейін ынжық балаларды көрген соң, ондай реакцияға дайын болмайды дейді.
Баланы педофилдерден қорғау үшін нені үйрету керек?
Жансая Серікова баланың қауіпсіздігіне бірінші сәтте ата-ана жауапты екенін баса айтты. Оның кіммен араласатыны, ортасы қандай екені, қайда жүргенінен хабардар болу қажет. Тіпті көп жерлерге түнеуге жіберу қауіпті.
Сонымен қатар баланың жеке шекарасын сақтау өте маңызды. Маманның сөзінше, балаға 3 жастан бастан “іш киім ережесін” үйретіп, дене шекарасын түсіндіру керек.
“Іш киім тұратын мүшелер тек саған тиесілі, оны ешкімге көрсетуге, біреуге ұстатуға болмайды” деп айтқан жөн. Тіпті өзіңіз баланы ескертпестен шешіндірмеңіз. Суға түсіргенде де ұлды әкесі, қызды анасы жуындырған абзал. Үйде жалаңаш жүру де қалыпты нәрсе емес екенін түсіну керек”, – деді психоаналитик.
Серікованың сөзінше, педофилдердің көп қолданатын айласы – құйтырқы әрекетін “біздің ортақ құпиямыз” деп арбайды.
“Бала құпияға, сырға жақын болғандықтан, педофилдер “бұл біздің ортақ сырымыз, ешкімге айтпа” деп айтады екен. Сол үшін ата-анадан құпия сақтау жақсы емес екенін айтыңыз. Оның ішінде құпия жақсы/жаман деп бөлінеді деңіз. Мәселен, әкеге сыйлық жасау – жақсы құпия. Ал жаман құпиядан қорқыныш, ұялу сезімдері пайда болады”, – деді ол.
Әрі ересектердің бәрі жақсы емес деп ашық сөйлескен жөн дейді.
“Бала құрбан болған жағдайда өзін кінәлі сезінбеуі тиіс, бар жауапкершілік – ересектерде. Ондай сәтте ешқашан балаға дауыс көтеріп, кінәламаңыз”, – деп түйіндеді психоанализ бағытында жұмыс істейтін психолог.
Педофилдерге қандай жаза қарастырылған?
Баламен жыныстық қатынасқа түсіп, сексуалдық зорлық-зомбылық жасаған жағдайда қылмыскерге Қылмыстық кодекстің қатаң баптары қолданылады. Қылмыстық кодекстің 120-бабы "Зорлау" бойынша педофилдер өмір бойына сотталады.
Сондай-ақ 121-бап "Жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері", 122-бап "Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу", 123-бап "Жыныстық қатынасқа немесе жыныстық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүрлеу" сынды баптар бойынша өте үлкен мерзімге жазаланады.
Тіпті бәрі ерікті түрде болды дегеннің өзінде заң бойынша жыныстық қатынасқа келісім беру жасы – 16. Сондықтан келісіп тұрса да, 16 жасқа дейінгі жасөспіріммен жыныстық қатынас үшін сотқа тартылады.
Балаға сезім білдіргенді жазалауға бола ма?
Желіде оралдық блогер Қолғанат Жұмабаевты әйелі “педофил” деп айыптап, кішкентай қыздарға жазған хаттарын, фотоларын көрсеткен еді. Алайда жасөспірімдердің ата-аналары блогерді жақтап, “педофилдік” іс-әрекет, азғындауды байқамағанын айтты.
Ал Қылмыстық кодексте балаларға қатысты азғындау, сексуалды сипатта тиісу сынды баптар бар. Жыныстық зорлық жасалмаса да, балаға қатысты тиісу, бейәдеп әрекеттер үшін де жазаға тартады. Осы тұста адвокат Жохар Өтебеков қандай жағдайда балаға қатысты азғындауға және тиісуге не жататынын түсіндіріп берді.
Қылмыстық кодекстің 124-бабы “16 жасқа толмағанды азғындау” бойынша 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
“Азғындауға 16 жасқа толмаған адамдарға қатысты әдепсіз әрекеттер кіреді. Мысалы сексуалдық тақырыптағы әдепсіз әңгімелер айтып, порнографияны көрсету, балаға порноматериалдар оқу, өз жыныс мүшесін көрсету, баланы жыныс мүшесін көрсетуге мәжбүрлеу жатады. Бұл тікелей өмірде де, желі арқылы да болуы мүмкін”, – деді адвокат.
Джохар Өтебековтың айтуынша, Қазақстанда груминг үшін нақты жауапкершілік қарастырмаған. Сол үшін сексуалды сипаты болмаса, жай сезім білдірген хаттар үшін жазаға тарту қиын дейді.
“Баланы ересек адам кездесуге шақырып, сезім білдіретін хат жазса, оны Қылмыстық кодекстің жаңа 121-1 бабы “16 жасқа толмағандарға жыныстық тиісу” деп саралауға болады. Ол үшін қаскөй 50 тәулікке дейін қамауға алынады”, – деді Өтебеков.
Адвокат оралдық блогердің жағдайына қатысты да пікір білдірді. Ол ер адамның кішкентай қыздармен сондай сипатта хат алмасуы норма емес екенін айтты. Әрі мұғалім, бапкер, т.б. адамдар баланың өзімен тікелей емес, ата-анасы, өкілі арқылы сөйлескені жөн деп санайды.
Айтуынша, балаға қатысты зорлық немесе баламен жыныстық қатынасқа түсу фактілері анықталса, ата-ананың арызынсыз-ақ полиция іс қозғайды. Осындай фактіні байқаған үшінші адам да полицияға арыз жаза алады.
“Бір қызығы – сезім білдіретін мәндегі хат, яғни 121-1 бабы “16 жасқа толмағандарға жыныстық тиісу” бойынша кінәліні жауапқа тарту үшін ата-ананың өтініші талап етіледі. Бірақ бұл жағдайда да прокурор ата-анасының келісімінсіз баланың мүддесі үшін қылмыстық істі ашуға құқығы бар”, – деді құқық қорғаушы.
Еске салсақ, осыған дейін желіде оралдық блогер Қолғанат Жұмабаев кәмелетке толмаған қыздарға жазып, қырындады деген дау шықты. Блогердің әйелі Құлпынай Қанат ер адамның кішкентай қыздармен түскен фотоларын, хаттарын және басқа жасөспірімдердің мойындаған оқиғаларын жариялады. Кейін жасөспірімдердің ата-аналары Жұмабаевтың әйелінің үстінен арыз жазды.