"Сендей әдемі қызға протокол толтыртқызбаймын": Талдықорғанда полиция басшысы зорлаған қыздың адвокаты мәлімдеме жасады
Талдықорғанда полиция бөлімінің басшысы зорлаған қыздың адвокаты оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жәбірленушінің адвокаты Нұрлан Молбаев зорлықтың қалай жасалғанын баяндап берді. Айтуынша, 12 қараша күні учаскелік инспектор қоғамдық тәртіпті бұзды деген айыппен 27 жастағы қала тұрғынын ішкі істер басқармасына жеткізген. Осы жерде анықтаушының кабинетінде сұрақтарға жауап беріп отырған қызды басқарма басшысы кабинетіне әкелуді бұйырады.
“Менің қорғауымдағы азамат басшының кабинеті кіргеннен кейін болған жағдайды айтып, ақталған. Оны мұқият тыңдаған полиция басшысы көмектесетінін айтқан. "Сендей әдемі қызға протокол толтыртқызбаймын" деп қызды жыныстық қарым-қатынасқа мәжбүрлеп, тиісе бастайды. Қазір жәбірленуші тиісті сараптамадан өтті, қылмыс орнынан, яғни Талдықорған қалалық полиция басқармасы басшысының кабинетінен айғақтар алынды. Кабинеттен қызға тиесілі гигиеналық заттар мен ер адамның шауһат ізі табылды”, – деді жәбірленушінің адвокаты Нұрлан Молбаев.
Аталған оқиғаға қатысты Жетісу облыстық полиция департаментінің басшысы Атығай Арыстанов пікір білдірді. Облыстың бас полицейі мәлімдегендей, "Зорлау" бабы бойынша Талдықорған қалалық полиция басқармасының басшысы ұсталып, қамалған. Қазір күдікті Ескелді ауданындағы уақытша ұстау мекемесінде. Зерделеу жұмыстары жүргізіліп, тиісті сараптама тағайындалды.
“Қылмыстық кодекстің 120-бабы 2-бөлігі бойынша Талдықорған қалалық полиция басқармасының басшысы күдікті деп танылып, уақытша ұстау мекемесіне қамалды. Тергеу жалғасуда. Іс ішкі істер министрінің тікелей бақылауында”, – деді Жетісу облысы полиция департаментінің басшысы Атығай Арыстанов.
Айта кетейік, күдікке ілінген полиция генералы Марат Күштібаев 2022 жылдан бері Талдықорған қалалық полиция басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.
2019 жылы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Күштібаевты қол астындағы қызметкерлерін боқтағаны үшін Алматы облыстық полиция қызметінің басшысы қызметінен босатқан. Даудан кейін қызметінен шеттетілген Марат Күштібаев өткен жылы Жетісу облысының орталығына бас полицей болып оралған еді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Талдықорған қалалық полиция бастығы жұмыс орнында қыз зорлады деген күдікпен ұсталғаны туралы жазған едік.