«Сен өз өліміңмен жасанды қоғамның, жасанды адамдардың бетіне түкіріп кеттің»: Белгілі жазушы Жанар Хамитова туралы
Белгілі жазушы Аягүл Мантай өткен жылдың күзінде қайтыс болған Жанар Хамитованы еске түсірді. Ол әншінің шынайы адам болғанын және қоғамда өзін жалғыз сезінгенін түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ол өз Facebook-парақшасында жазды.
«Жанар (Хамитова) туралы көп ойлаймын. Ойламайын десең де, санаңның бір түкпірінде тұрады. Оны өмірде көргенім жоқ. Араласқаным жоқ. Бірақ жаныма жақын. Əлде жалғыздығын, жалғыздығының тым терең екенін түсінген шығармын. Жанар секілді адамда дос көп болмайды. Көп адаммен араласса да, жалғыз болады. Егер ол шынайы емес, жасанды болса, өлмес еді. Шынайы адамдардың жаны тым нəзік болады. Шынайы адамдар депрессияға жиі түседі. Жасанды адамдар өзіне келмейтін əртүрлі образды ойнап, мұңға батпайды. Олар образдан шықпайды. Тіпті əртүрлі образ ойлап табады. Олар күндердің күнінде өзінен жиіркенбесе, өзінен жалықпаса, өзін табуы қиын. Ал шынайы адам рөл ойнай алмайды. Шынайы адам бір-екі өтірік айтса да, өзін кешіре алмайды. Шынайы адамға өмір сүру қиын. Шынайы адамға біздің қоғамда өмір сүру тіпті қиын», – деп жазды Аягүл Мантай.
Ары қарай Жанардың өліміне қоғам себепші болғанын және оның жаралы жанына ешкімнің көмектесе алмағанын жеткізді.
«Жанар, егер біз өмірде кездессек не туралы сөйлесер едік? Əрине, жан тыныштығы туралы... жоқ, дəлірегі жан тыныштығын таппай аласұру туралы, депрессия туралы əңгімелесер едік. Депрессияға түскен адамға психолог көмектеседі деген өтірік екенін, айналаңдағы адамдардың жылуы, мейірім, махаббат құтқаратынын, ең бастысы, өзіңді өзің ғана құтқаратынын сен білдің, əрине! Фрейд неге танымал психолог болды? Бір ғана себебін айтайын. Ол да жиі депрессияға түсті, жаны тыныштық таппады, депрессиядан шығудың жолын іздеді. Сосын өзгелермен өз тəжірибесімен бөлісті. Ол депрессияға түсіп қиналмаса, депрессиядан азап шеккен адамды түсінбес еді. Біздегі көптеген психологтарды жаттап алғанын зуылдатып айтып беретін "сөйлейтін бас" деп түсінем. Сенің де солай түсінгеніңе күмəнім жоқ. Сенің интеллектің жоғары болмаса, сенің жаның қиналмас еді. Сені қоғам өлтіріп тастады. Сенің нəзік жаның ауыр сөздерді көтере алмады. Шынайы адамның жаны тым нəзік болады. Тым жараланғыш болады. Жаның енді тыныштық тапты ма, нəзігім? Жанар, сен өз өліміңмен жасанды қоғамның, жасанды адамдардың, біреудің тағдырын талқыға салатын тобырдың бетіне түкіріп кеттің. Сен шынайы едің! Ал шынайы адам биік болады. Сен өз биігіңде қаласың. Жалғыздығы терең адам біреуді жақсы көрсе - шын жақсы көреді, рас, жек көрсе - шын жек көреді. Көптің ішінде өзін жалғыз сезінетін адам - менің досым!», – деген жазушы қыз ішкі жан-дүниесін ақтарды.