Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семейде оқушыларын дәретханаға шығарып сөйлескен мұғалім жұмыстан қуылды

16 қазан күні Семейдегі №38 мектеп-лицейде оқушылар мұғалім тарапынан қысым көрген. Сұмдық жағдай туралы оқушының ата-анасы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Abai.news порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: chatgpt.com

Ата-ананың сөзінше, 7-сынып оқушысының дәптері жоғын білген тарих пәнінің мұғалімі оны жеке сөйлесуге дәретханаға алып барған. Кейін оған тағы бір баланы ертіп алып келуге жіберген. Сөйтіп 13 жастағы балаларды әжетханада біраз уақыт ұстап, балағат сөздер айтып, белгілі бір “түсініктер” туралы әңгіме қозғаған. Мұғалім айғайлап, бұл жағдай туралы ешкім білмеу керегін ескертіп, қорқытқан. 

Мұғалімнен зәбір көрген оқушының ата-анасы бұған дейін бұл мектепте мұғалім оқушыға буллинг жасағанын айтады. Сол жағдайдан кейін баланы басқа сыныпқа ауыстырған.

“Оқушы диктафон қосқан сәтте мұғалім оның телефонын тартып алып, жазбаны өшіріп тастаған. Егер бұл жағдай туралы біреуге айтса, “қорқақ”, “сөз тасығыш” боласың деп қоқан-лоқы көрсеткен. Бұл – мұғалімнің сөздері. Балам қорқып қалған, бізге айтқысы келмеді. Бірақ бұл туралы кеше үйге қайтып келе жатқанда ағасына айтып беріпті. Ағасы болған жағдайдың бәрін айтып беруін талап еткен”, – деп жазды ата-ана. 

Оқиғадан кейін оқушының ата-анасы оқу-ағарту министрлігі мен полицияға арыз жазған. Тіпті білім бөліміне барып, өзінің көзінше мектептің оқу ісінің меңгерушісіне хабарласып, оның әкімдікке келуін талап еткен. Бала қатты қорқып, мектепке барғысы келмегендіктен ата-ана мұғалімді заң бойынша жұмыстан шығаруды талап етті.

Жанжалға себепкер болған мұғалім бұған дейін оқушыға ескерту айтып келгенін, тек сол күні басқаша сөйлеспек болғанын айтып, ақталды.

“17 қазанда Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңесте Еңбек кодексінің 64-бабы 4-тармағына сәйкес мұғалім жұмыстан босатылды. Сондай-ақ оның бұған дейін қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жазаға тартылғаны белгілі болды”, – делінген басылымда. 

Сонымен қатар бұрынғы педагог әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іс-материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.

Талқылау