Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семейде бір топ оқушы қатарластарын аяусыз ұрып-соққан

Әлеуметтік желіде Семейде мектеп оқушыларының өз қатарластарын ұрып-соққаны көрсетілген видео тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Видеодан скрин

Куәгерлердің айтуынша, бұл оқиға Семей қаласындағы 343-ші ықшам ауданында болған. Желі қолданушылары жылап тұрған баланы мазақтап, оған зорлық көрсеткен жасөспірімдердің әрекетіне қатты ашуланды. Олар оқиғаға қатысқандарды тауып, жазалауды талап етуде.  

Оқиға орнынан бірнеше видео үзінді жарияланды. Кадрларда жасөспірімдердің қар үстінде оқушыны ұрып-соғып, оны видеоға түсіріп жатқаны анық көрінеді. Видеоларда балағат сөздер де естіліп тұр.  

Тек ұлдар ғана емес, қыздардың да бұл оқиғаға қатысы бары байқалады. 

Абай облыстық полиция департаменті видеодағы оқиғаның Семейде болғанын растады. Қазіргі уақытта бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалды.  



"Оқиғаға қатысқан барлық жасөспірімдер мен олардың ата-аналары полиция бөлімшесіне жеткізілді. Балалар полиция бөлімінде есепке қойылады. Олардың әрекеттерін кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссия қарайды", – деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.  

Сонымен қатар, роликтегі жасөспірімдердің ата-аналарына да балаларын тәрбиелеудегі міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін қатаң шаралар қолданылатыны айтылды. Оқу орнына да тиісті шаралар қолданылмақ.  

"Оқу орнының әкімшілігіне оқиғаға себеп болған жағдайларды жою туралы ұсыныс беріледі. Тергеу барысы Абай облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында", – деп толықтырды баспасөз қызметі.  

Зардап шеккен баланың алтыншы сынып оқушысы екені белгілі болды.

Еске салсақ, осыған дейін Павлодарда мас мектеп күзетшісі 6-сынып оқушысын ұрып тастағанын жазғанбыз.

Талқылау