"Семей орманы" резерватындағы алапат өртке қатысты тергеу аяқталды: Сот алдында кімдер жауап береді
Абай облысы "Семей орманы" қорығында 14 жұмысшының өмірін жалмаған өртке қатысты іс бойынша тергеу аяқталып, Бородулиха аудандық сотында қаралып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Экология министрлігі
Бас прокуратураның хабарлауынша, 2023 жылы 5 тамызда "Семей Орманы" бас директорының міндетін атқарушы М.З.Қарымов пен "Семей орманы" мемлекеттік мекемесінің Новошульбі филиалының директоры Вершинин А.А. Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі "Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бойынша айыпталған.
"2023 жылдың 27 қазанында прокурор айыптау актісін бекітіп, айыпталушылар Бородулиха аудандық сотына жеткізілді. Қазіргі таңда сот процесі жүріп жатыр. Сондай-ақ Абай ауданындағы өртті жою кезінде кезекшіге қатысты әрекетсіздік таныту фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы "Кезекшілік міндеттерін орындамау" бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша оқиғаның барлық мән-жайларын тергеудің жан-жақтылығын, толықтығын және объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу барысы Бас прокуратураның бақылауында", – делінген хабарламада.
Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз екі жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не 3 жыл мерзімге дейін басқа қызметпен айналысуын шектеу түріндегі жазаны қарастырады.
Айта кетейік, Абай облысындағы орман өрті 2023 жылы 8 маусымда тұтанған еді. Бір апта бойы ырық бермеген қызыл жалын 60 мың гектар қарағайлы алқапты күлге айналдырған. Алғаш болып тілсіз жауды жалаң қолмен ауыздықтауға аттанған 14 орманшы қаза тапқан болатын. Кейін Бесқарағай ауданынан өрт сөндіруге келген тракторшы да тірідей жанып кеткені белгілі болды.
Сондай-ақ "Семей орманы" табиғи резерватының басшылары сыбайлас жемқорлық үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылған еді.