"Кінәлі емеспін, мені босатыңыздар": Сегіз ай қамауда отырған "СҚ-Фармация" экс-басшысына қатысты сот отырысы өтті
21 сәуірде «СҚ-Фармация» компаниясының бұрынғы басшысы Берік Шәріпке қатысты сотта тыңдау басталды. Сегіз айдан бері қамауда отырған экс-басшы өзін босатуды сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Тергеуге белсенді қатыстым, қашпадым. Тергеу амалдарынан жалтармадым. Өйткені айыпсыз екеніме сенімдімін. Ол қазір істе де дәлелденіп жатыр. Сондықтан адвокаттарымның өтінішін құптап, мені босатуларыңызды сұраймын", - деді ол.
Алайда судья оның өтінішін қанағаттандырған жоқ. «СҚ-Фармация» компаниясының бұрынғы басшысы сегіз айдан бері қамауда отыр. Берік Шәріп Төтенше жағдай кезінде медициналық бұйымдарды сатып алу барысында өкілеттігін теріс пайдаланды деп айыпталды.
Еске салсақ, 2020 жылдың 14 тамызында «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріп қамауға алынды.
Берік Шәріп тегін медициналық көмек көлемін қамтамасыз ету үшін дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу жөніндегі дистрибьютор компания басшылығына 2020 жылдың 21 сәуірінде келді. Бұған дейін «СҚ-Фармация» басқарма төрағасының міндетін атқарған.
Айта кетейік, 2020 жылдың 10 шілдесінде ол ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін қызметінен босатылды.