Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Саясаттанушы: Ресей әскерге жарамды азаматтарын Қазақстаннан шығаруды сұрауы мүмкін

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Ресей президенті Владимир Путиннің өз елінде жартылай мобилизация туралы қабылданған қаулының жұмыс жасауы үшін Қазақстаннан көмек сұрауы мүмкін екенін айтады. Ал оның одақтасы ретінде Қазақстан көмектен бас тарта алмайды, деп болжайды ол. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әбішевтің сөзінше, жартылай мобилизация жоспарын орындау үшін Ресей өзінің одақтасы – Қазақстаннан әскерге шақыруға жарамды ресейліктерді өз территориясына кіргізбеуді сұрауы мүмкін.

"Олар анықталған жағдайда (Қазақстан аумағында – ред.) Ресей Федерациясына қайтарылады. Бұл ресми Мәскеудің тарапынан толығымен қисынды қадам болар еді. Қазақстан бұған қарсы шыға алмайды", – дейді саясаттанушы.

Ол егер Ресей Федерациясында Украина аумағында арнайы әрекет етуді қаламағаны үшін қылмыстық қудалау енгізілсе, онда әскерден жалтарғандар қылмыскер болып саналатынын болжайды.



"Сонда Ресей құқық қорғау органдары оларды халықаралық іздеуге салып, Қазақстанға экстрадициялау туралы өтініш жібере алады. Ал Қазақстан Ресейдің одақтасы бола тұра, экстрадициядан бас тарту үшін сенімді дәлелдер табуы екіталай", – деп түсіндірді Ғазиз Әбішев.

Еске салайық, бүгін, 21 қыркүйекте Путин әскердің бір бөлігін мобилизациялау (мемлекеттің қарулы күштерін бейбітшілік жағдайдан соғыс жағдайына көшіру) туралы қаулыға қол қойды. 

"Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың Ресейде ішінара жұмылдыру жұмыстарын жүргізу туралы ұсынысын қолдау қажет деп санаймын", – деген Путин.

Ресей басшысы мобилизацияның бүгін, 21 қыркүйектен бастап күшіне енетінін атап өтті.

Талқылау