Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сәуле Жанпейісова: Күйеуім өнеріме сырттай ғашық болып үйленді, бірақ қызғаншақ болғандықтан ажырасып кеттік

Дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісова отбасы, өмірі мен өнері туралы әңгімеледі. Дәстүрлі ән өнерінде бағы жанған әнші өмірдегі жұлдызды сәттері мен қиын кезеңдері туралы баяндады. 

Бұл туралы “Менің өмірім“ бағдарламасында айтылды. 

Сәуле Жанпейісова – дәстүрлі қазақ әншісі. Қазақ әндерін шетелде де әуелеткен белгілі әнші, ұстаз. Бір қыздың анасы. Әнші өнері мен өмірі, отбасындағы қиындықтары туралы сөз етті. 

“Менің өмірім өнермен байланысты. 1995 жылы менің жұлдызды шағым басталды. Халыққа кең танылып, әндерім шырқала бастады. Парижге дейін барып қазақ әнін шырқадым. Ол кезде мені барлық жерге шақыратын. Абай атамыздың 150 жылдығына орай ұйымдастырылған шараның бәрінде мен болдым. Сол сәттерде күйеуім маған сырттай ғашық болған. Өнер адамы болмаса да, өнерді жақсы көрді. Солай кездестік. Бір жылдан соң бас қостық”, –дейді әнші. 

Сәуле ханым жолдасымен 5 жыл бірге тұрған шақтарын еске алады. Қуаныш есімді қызы өмірге келген соң әнші өнерден алыстай бастаған. 

“Өмірге қызым келді. Үйде отырдым. Кейін қайта ән айта бастадым. Шетелге кеттім. Айлап үй көрмедім. Ер адам әйелін өз меншігі деп санайды ғой. Сыртта жүргенді қаламайды. Үйде отырғанды қалайды. Солай арада қызғаныш басталды. Сенімсіздік басталды. Ұрыс жиіледі. Менің өнерім де, өмірім де тұншыға бастады. Отбасылық бақытымыз 5 жылға созылды. 5 жылдан соң ажырасып кеттік. Күйеуім маған дейін үйленіп ажырасқан адам. Менен кейін де бір әйел алды. Бірақ қазір бұл өмірде жоқ”, – деді Жанпейісова. 

Әнші қызы мен әкесінің араласпағанын айтады. Бұрынғы жолдасы өмірден өткен соң іште өкініш болғанын жасырмайды. 

“Әкесі қызымен араласқан жоқ. Оны іздеген жоқ. Мен де қызымды әкесіне алып барған жоқпын. Қызым да барамын демеді. Солай араласпай қалдық. Туыстарымен де араласпаймыз. Әкесі өмірден өтер алдында 1-2 жыл бұрын хабарласты. Қызын көргісі келді. Ол кезде қызым дайын емес еді. Кейін тұрмыс құрды. Ана атанды. Әкесі өмірден өтті. Солай көріспей кетті. Ішімде аздаған өкініштер болды. Екеуі кездесуі керек пе еді деп ойладым. Оның өмірден тез кетерін білмедім. Бірақ қазір қызымның қайын атасы бар, енесі бар. Жақсы адамдар. Әкесінің орнына Құдай жақсы әке берді. Қызыма солай түсіндірдім. Жалғыз қызымды ұзату оңай болған жоқ. Бірақ жақсы отбасына барғанын көріп қуандым. Менің көзім тірімде өз бақытын тапқаны, жақсы жар, жақсы ата-ене көргені жаныма медеу”, – дейді Сәуле Жанпейісова. 


Талқылау