Сарыағашта оқытушы Даун синдромы бар балаға күш қолданған: Бұл жағдай желідегілердің ашуын туғызды (видео)
Сарыағашта арт-терапевт Даун синдромы бар балаға күш қолданған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скрин
Оқиға жеке түзету орталықтарының бірінде орын алған. Әлеуметтік желілерде орталық қызметкерінің ерекше қажеттіліктері бар баланы еденде сүйреген сәті түсірілген видео тарап жатыр.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратта, балада Даун синдромы бар екені және жүрегіне екі рет ота жасатқаны айтылған.
Баланың анасының айтуынша, ұлы жылап келіп, "Мұғалім мені ұрды. Қорқып кеттім” деп айтқан.
Түркістан облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, Қылмыстық кодекстің "Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысы бар адамдар полицияға жеткізіліп, түсініктеме берді. Іс Түркістан облысы полиция департаменті басшылығының бақылауына алынды.
Қазір барлық мән-жайды анықтау бойынша қажетті шаралар жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесіне сәйкес тиісті шешім қабылданады. Сондай-ақ, бұған дейін полицияға ешкімнің арызданбағаны анықталды.
Бұл жағдай желі қолданушыларының ашуын туғызды.
"Құдай-ай, қалай ғана дәті барады. Ол бала онсыз да жетісіп жүрген жоқ, енді мынандай қорлық көрсетті. Әкесінің орнында болсам, басын жұлып алар едім, "Балаға келтірген зияны үшін бірнеше миллион өтемақы төлесін. Ем-домына жұмсалар еді сол ақша”, "Жұмыстан шығару аз! Жазалау керек: сол баланы сүйрегендей өзі де еденмен сүйреп, таяқ жегізіп, бір ай түзету жұмыстарын істесін. Ерекше балаларға ендігәрі ондай қатыгездік жасауға батылы жетпейтіндей болсын..." – деп жазды жұрт.
Ақпаратқа сүйенсек, арт-терапевт жұмыстан босатылған. Балаға психологиялық көмек көрсетілді.
Арт-терапевт — бұл өнер (сурет салу, мүсіндеу, музыка, би, театр және т.б.) арқылы адамдарға психологиялық көмек көрсететін маман.