Сарапшылар су тасқынынан кейін елде баспана бағасы шарықтайды деп болжады
Мамандар су тасқынына байланысты жылжымайтын мүлік бағасы өседі деп болжап отыр. Жаңа үйлердің бағасы төмендеген. Десе де, былтырғымен салыстырғанда сәл қымбат. Сондай-ақ баспана бағасының шарықтауы мұнымен тоқтап қалмайтынын ескеру керек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Сарапшылар төтенше жағдай кезінде үй мен пәтер жалдау бағасының да өсетінін атап өтті. Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы да жылжымайтын мүлік бағасының өсуі мүмкін екенін айтты. Наурызда жаңадан салынған үйлердегі бір шаршы метрдің құнының 0,4%-ға төмендегеніне қарамастан жылдық мәнде өсім сақталды.
Баспана бағасы шарықтай береді дейді сарапшылар. Оған себеп болған маңызды факторлардың бірі – су тасқыны. Бірақ төтенше жағдай енгізілген Қостанай облысында және басқа да бірқатар облыстарда жылжымайтын мүлік нарығында баға тұрақты.
“Үй бағасы өспейді, қазірдің өзінде баға тұрақты. Мысалы, біздің дерекқорымызда қол жетімді және сұранысқа ие нысандар бар. Зақымданған үйлер де бар, бірақ мемлекет оны қалыпқа келтіріп жатыр”, – дейді “Этажи” жылжымайтын мүлік агенттігінің сату бөлімінің басшысы Талғат Бектемір.
Жылжымайтын мүлік нарығының сарапшылары бағаның өсуі су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда ғана тіркелетінін айтты. Онда да бұл болжам тек жалдамалы баспаналарға қатысты екенін атап өтті. Мамандардың айтуынша, жаңа үйлердің қымбаттауына басқа фактор әсер етеді.
“Қазір біз жаңа "Наурыз" ипотекалық бағдарламасының іске қосылуын күтіп отырмыз және цифрларға қарағанда, биыл осы ипотека арқылы 12 мың транзакция жоспарланған. Бұл жылжымайтын мүлік нарығындағы жалпы сұраныстың шамамен 40%-ға тең екенін білдіреді”, – дейді нарық сарапшысы Анна Шацкая.
Алайда мұның да баспана бағасына әсер етуі екіталай деп санайды сарапшы. Жылына кем дегенде 6-10%-дан аспайды. Онда да бағаның өсуі ипотекалық бағдарламаның шарттарына және оған қанша қазақстандық қатыса алатынына байланысты.
Бұған дейін елімізде жаңа үйлердің бағасы төмендегені туралы жазған едік.