Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық сарапшылар елімізде үйлер қашаннан бастап арзандайтынын айтты

Елімізде соңғы бір жылда жаңа пәтер бағасы он екі пайызға, ал екінші нарықтағы баспана бірден жиырма пайызға қымбаттаған. Мамандар мұндай қымбатшылыққа зейнетақы қорындағы қаражаттың берілуі, құрылыс материалдарының шарықтауы және түрлі мемлекеттік бағдарламалардың қосылуы себеп болды деп отыр. Ал екінші нарықтағы баспананың бағасы түрлі өзгеріске тәуелді. Дегенмен, тұрғын үй құны түсе ме? Сарапшылар не дейді? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

үй

Қазақстанда зейнетақы қорындағы қаражат берілгеннен кейін елдегі баспана бағасы бірден жиырма пайызға қымбаттаған. Бағаның жыл басынан бері шарықтағанын тұрғын үй нарығындағы мамандар да растап отыр.  

Мәселен, соңғы сегіз айдың ішінде жаңа пәтердің бағасы 11,7 пайызға, ал екінші нарықтағы баспана бағасы 19,5 пайызға өскен. Өңірлер бойынша көш басында Маңғыстау облысы тұр. Ақтаудағы үйлердің бір шаршы метрі 251 000 теңгеден. Ал Нұр-Сұлтандағы тұрғын үй құны 436 мың, Алматыда 408 мың, Шымкент қаласындағы үйлердің бір шаршы метрі 357 мың теңгеден сатылуда. Қазақстан бойынша ең арзан үй Тараз, Ақтөбе, Қызылорда, Талдықорған мен Оралда екен.

Ал нарықтағы баспана бағасына сараптама жүргіздік деген Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясы үй құны осы жылдың аяғы мен келер жылдың наурыз айларында 10-15 пайызға төмендейді деп болжап отыр. 

“Біздің есебіміз бойынша еліміздегі үйлердің бағасы қараша, желтоқсан айларынан бастап түсе бастайды. 2022 жылдың наурыз айларында бір шаршы метрдің құны 15 пайызға дейін арзандауы мүмкін. Бірақ бұл бағаның бизнес санаттағы және элиталық үйлерге қатысы жоқ. Эконом және комфорт санаттағы үйлер түсуі мүмкін”, – дейді Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов. 

Шымкенттің кейбір тұрғындары қазір елімізде қарапайым халыққа қолжетімді үй жоқ деп санайды. Республикалық маңызы бар статусқа ие қалада соңғы кезде тіпті жеке тұрғын үй мен жер телімдерінің де бағасы едәуір қымбаттағанын айтады.

Ал Ақтау қаласының риэлторлары соңғы бір жылда зейнетақы қоры жинағындағы қаражатқа жылжымайтын мүлік сатып алатындардың көбейгенін айтады. Сәйкесінше, сұраныс көп болған соң баға да өскен. 

“Жаңа құрылыс нысандарының артуына байланысты сұраныс өте көп. Сонымен қатар құрылыс материалдары қымбаттағанына байланысты баға өсті. Сондықтан халық БЖЗҚ арқылы ақшасын шешіп, жаңа құрылыс нысандарына ақшасы жетпегендіктен қолданыста болған үйге салады. Сондықтан да сұраныс жоғары. Баға солай өсуде”, – дейді риэлтор Райымбек Рахметов. 

Жалпы мамандар еліміздегі баспана бағасының қымбаттауының үш себебін айтады. Алғашқысы пәтер сатып алушыдан да, сатушыдан да пайда көретін делдалдар мүддесі. Екіншісі өз пәтерлерін барынша қымбат бағаға сатуға тырысатын жеке тұлғалар. Ал үшіншісі салған жаңа үйлерін екі жарым есе қымбатқа сататын құрылыс компаниялары екен. 

Талқылау