"Самұрық-Қазына" компаниясы Ақтөбе облысындағы "жайлы мектеп" құрылысында жіберілген ақауды мойындады (видео)
"Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы Мәлен Айманбетов Ақтөбе облысында "жайлы мектеп" құрылысында ақау болғанын мойындап, түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Бұдан бес күн бұрын қазақстандық ақпарат көздерінде Ақтөбе облысы Кеңқияқ ауылында салынып жатқан жайлы мектеп құрылысындағы ақаулар туралы жазбалар тарады. Бұл туралы алғашқылардың бірі болып мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жеткізді.
"Сапасыз мектептерді соғуды қашан тоқтатамыз! Оқырманымның айтуынша, соғылып жатқан мектептің бетоннан армобелдеуі кәдімгідей саусақпен шұқыласа үгітіліп отыр. Біз кез келген сигналдарға шұғыл түрде шара қолдануымыз керек. Аталған мектепті соғу барысында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының іс әрекетіне, техникалық бақылаушы мамандардың қорытындысы мен іс-әрекетіне, және мемлекеттік сараптама қорытындысы мен рұқсат құжаттарын дереу тексеріске аламыз. Су құбырларын, жол, тұрғын үй соғудан мемлекеттің ақшасын жеп үйренген мемлекетте мектеп пен бала бақшаны соғу барысында желінген фактілер болары анық деген ойдамын", – деп жазды Бақытжан Базарбек.
Оның айтуынша, “Самрұқ-Қазына”-ның “Жайлы мектеп” мемлекеттік бағдарламасы бойынша бой көтеріліп жатқан мектептерді соғудың сапасы, қаржыны жоспарлау барысын жан жақты тексеруді бастау керек.
"Жақын арада басқа аймақтарда мектептерді соғу барысын тексереміз. Ал мына факті бойынша құзырлы мемлекеттік органдармен тығыз жақын арада тексеру шараларын дереу бастаймыз! Тексеру барысын парламент мәжілісінің пленарлық жиналысында ашық жариялап, құқық қорғау органдарына жолдаймыз", – деп жазған еді депутат.
Мәселені көтергеннен кейін Samruk-Kazyna Construction түсініктеме беріп, Мәулен Айманбетов Кеңқияқтағы нысан жұмысы тоқтатылғанын айтты.
"Өндірістік жұмыстар журналына сәйкес, бетон конструкцияларын құю кезінде ауа температурасы +33°С болды, бұл жеткіліксіз күтіммен бетонның сапасына әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдайда мердігер бетонның беріктігін қамтамасыз ету үшін қорғаныс шараларын қолдануы керек еді. Анықталған ақаулар үшін жауапкершілік басшылықты уақтылы хабардар етпейтін техникалық қадағалаудың жауапты өкіліне де жүктелуі мүмкін. Бұл нысандағы ерітінді жақын маңда бетон зауыты болмауына байланысты кармикс қондырғысында дайындалды, бұл стандарттарға сәйкес келмеуіне әкеп соқтыруы мүмкін", – деді басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов.
Мәліметтерге сенсек, инспекторлар 7 және 11 осьтер бойынша А және Б блоктарының құрама іргетастарындағы жарықтарды, қабырғалар мен бөлімдерге әсер ететін осьтер қатары бойынша кірпіш қалаудағы жарықтарды анықтаған. Сонымен қатар бетон монолитті белдеуі мен тірек жастықтарының беті жарамсыз екенін көрген.
Samruk-Kazyna Construction былтыр Кеңқияқта мектеп құрылысының басында бетон беріктігін өлшегіштің көрсеткіштері бойынша 1,5 блокты монолитті белдеудің сәйкес келмеу фактісі тіркелгенін мойындады. Осылайша мердігерге үш қатар блокты бөлшектеуге және барлық жұмысты қайта жасауға міндеттелді.
Қазір Кеңқияқтағы нысанда барлық құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылды. Инженерлік құрам да толығымен ауыстырылды. Мердігер тарапынан да, дирекция тарапынан да жоба басшылары мән-жайлар толық анықталғанға дейін міндеттерінен шеттетілді.
Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда “Алаш” алаңы ашылғанын жаздық. Бұл көпқабатты үйлер бой көтерген жаңа ауданда серуендеуге арналған жалғыз орын болғанымен, тұрғындар мұның сапасына риза емес. Қала тұрғындарының айтуынша, олар қауіпті. Ересектер балаларды өңделмеген ағаштан аулақ ұстауға тырысады.