Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Құрылысы басталмаған жел электр станциясы үшін 15,4 миллиард теңге төлеген: "Самрұқ-Қазына" қаржының қайда жұмсалғанын түсіндіруден бас тартты

"Самрұқ-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ еншілес компаниясы Ерейментау қаласында жел электр станциясын салу үшін мердігерге алдын ала 15,4 миллиард теңге төлеген. Алайда станция құрылысы сол күйі басталмай, жоба аяқсыз қалыпты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Petrouncil.kz сайтының мәліметінше станцияны салу үшін "Самрұқ-Энергоға" тиесілі "Ereymentau Wind Power" компаниясы "Олимп Транс Сервис" ЖШС-мен келісімшарт жасасқан. Ал станция құрылысы 17 айға созылып, 2021 жылдың маусымында аяқталуы тиіс еді. 

"Мердігер алдын ала 15,4 миллиард теңге аванс алғанымен, міндеттемесін орындамаған. Ал тапсырыс беруші қаржыны қайтаруды да талап етпегені мәлім болды", – деп жазылған хабарламада.

"Ereymentau Wind Power" компаниясы жел электр станциясын салу үшін Еуропа қайта құру және даму банкінен 23,3 миллиард теңге көлемінде несие алыпты. Ал станция қуаты уақыт өте 300 МВт-қа дейін өсуі тиіс болған.

Аталған мәселеге қатысты Stan.kz тілшісі "Самрұқ-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорына" ресми сауал жолдаған еді. Компанияның баспасөз қызметі станция құрылысы мен келісімшарт жайлы деректердің бір бөлігі құпия екенін алға тартып, Ерейментау жел электр станциясына қатысты сұрақтарға жауап беруден бас тартты. 

Дегенмен "Ereymentau Wind Power" мердігерге төлеген 15,4 миллиард теңге аванстың қаншалықты орынды пайдаланылғанын тексеру мақсатында құқық қорғау органдарына бірнеше рет жүгінген екен.

"Қазіргі уақытта "Ereymentau Wind Power"  ЖШС заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында бас мердігерге азаматтық-құқықтық тәртіппен талап-арыз дайындап жатыр. Осылайша "Ereymentau Wind Power" ЖШС уәкілетті мемлекеттік және сот органдарына жүгініп, өз мүдделерін қорғау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде", – делінген “Самрұқ-Қазынаның” ресми жауабында. 

Еске салайық, бұған дейін депутат Ерлан Сайыров “Самрұқ-Қазынаның” еншілес компаниясының басшылары бір жылда 274 миллион теңге сыйақы жазып алғанын мәлімдеген еді. Дегенмен компанияның бір жылдағы жалпы табысы 74,9 миллион теңге ғана болған. 

Назархан Уән
Жұма, 13 Қазан, 2023 11:02
Талқылау