Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда скринингтердің тиімсіз екені дәлелденсе де, ақша жұмсалып отыр – Депутат ауруды анықтау бағдарламасын сынға алды

Бүгінгі парламент сенатының отырысында депутат Айнұр Арғынбекова елімізде ауруды анықтау бағдарламаларының тиімсіздігін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: https://mac-ivf.ru/
Депутаттың айтуынша скринингке арналған жабдық жоқтың қасы, алайда ондай тексерулер жүргізуге әлі де ақша жұмсалып келеді. Қазақстанда екі жылда бір рет өзгеріп отыратын мемлекеттік бағдарламалар бойынша скрининг жүргізіледі, бұл өзгерістер олардың нақты тиімділігін бағалауды қиындатады. Сонымен қатар науқастардың аз ғана бөлігінің сырқатын анықтауға миллиардтаған шығын кетеді.

"2023 жылы 7,5 млн-нан астам адам қаралды, оған 22,5 млрд теңге бөлінді. Сонда анықталған ауру көрсеткіші артериялық гипертония - 5%, қант диабеті – 0,9%, глаукома – 0,3% болды. Сондықтан "скринингтік бағдарлама елдің денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі ресурстарына сәйкес келуге тиіс" деген дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қағидатын сақтай отырып, скринингтің тиімділігі дәлелденіп жүргізілуі керек. Мысалы, Қазақстанда 2013 жылдан бері колоректальды обырды ерте анықтауға арналған скрининг жүргізіліп келеді. Ал бүгінде елімізде обыр таралуы мен өлімі бойынша екінші орынға шығып отыр. Алайда әлі күнге дейін тиісті жабдықтар тапшы, ал бары жаңартуды қажет етеді", – деді депутат.

Атап айтқанда, облыстарды колоноскоптармен жаңғырту тек 2025 жылдан 2027 жылға дейін жоспарланған. Қазір сырқатты анықтау қалай жүргізіліп отырғаны белгісіз. 

Сенатор сонымен қатар зертханалардың түрлі жерлерде орналасуына байланысты пациенттер бір клиникада барлық қажет тексеруден өте алмайтынын атап өтті. 

Айтуынша, сақтандырылмаған 3,5 миллион адам скринингке қол жеткізе алмай отыр. Өйткені ол тексерулер кепілдендірілген медициналық көмек аясына кірмейді. 

"Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі скрининг бағдарламаларының дұрыстығы мен тиімділігін арттыру және скринингтерді орталықтандыру мүмкіндігін қарастыру қажет. Қаржы министрлігі скрининг жүргізуге арналған жабдықтарды жаңғыртуға қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруға тиіс. Жергілікті атқарушы органдар жұмыс берушілердің өз ұжымдарында скринингтен өту жөніндегі жауапкершілікті арттыруды, медицина кадрларын даярлауды, қолда бар денсаулық сақтау инфрақұрылымын тиімді пайдалануды ерекше бақылауға алсын", – деді сенатор.

Талқылау