Сәкен Майғазиев өзін "жемқор" деп атаған белсендімен соттаспайтынын мәлімдеді
Әнші Сәкен Майғазиев тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық партиясының" белсендісі Аружан Дүйсебаеваның үстінен жазған арызын қайтарып алғанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ол бұл туралы Instagram парақшасында жариялады.
Майғазиев видеоүндеуінде Дүйсебаеваның кешірім сұрағанына мұқтаж емес екенін, өзі туралы видеоны алып тастамаса да, кешіргенін және қылмыстық іс бойынша арызын қайтып алғанын айтады.
"Мәселенің бәрі наурызға келіп тіреліп тұр. Бұл жүйе жүйесімен заңды түрде жұмсалды. Есебін мердігерлерден алдым. Оны құзырлы органдар қаржылық бақылау комитеті мен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тексеріп шыққан", – деді Майғазиев үндеуінде.
Бұған дейін 13 шілде күні Шымкент қалалық мәдениет үйінің басшысы, әнші Сәкен Майғазиев азаматтық белсенді Аружан Дүйсебаеваны сотқа берген болатын. Майғазиев Дүйсебаеваның үстінен 30 маусымда “қорлау" бабы бойынша шағым түсірген.
Бірнеше ай бұрын "Демпартияның" Youtube желісіндегі ресми арнасында "Сәкен Майғазиев Шымкентте қанша ақша тонады?", "Сәкен Майғазиев пен Шымкент шенеуніктері бюджетті қалай тонап жатыр?" деген екі видео жарияланған. Видеоларда Аружан Дүйсебаева Сәкен Майғазиев басқаратын мекеменің Шымкенттегі Наурыз мейрамына жарты миллиард теңгеден астам қаржы бөлгенін айтып, әншіні "жемқор" деп атаған. Дүйсебаева екі видеода да журналистер мен мемлекеттік сатып алу саласын зерттеуші мамандар келтірген деректерді негізге алған.
Айта кетсек, үш жарым ай бұрын мемлекеттік сатып алу порталындағы ресми деректерді негізге алған белсенділер әнші Сәкен Майғазиев басқаратын Шымкент қалалық мәдениет үйінің Наурызға арналған іс-шараларға 595 млн теңге қаржы бөлгенін анықтаған. Сол кезде бұл оқиға қоғамда үлкен шу тудырған еді.
Бұған қоса, осы мәселені көтерген белсенділер іс-шараларға бөлінген қаржы тым көп екендігіне және тендерді тәжірибесі жоқ компаниялардың ұтқанына баса назар аударған. Алайда Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан да, Сәкен Майғазиев та бұл ақпаратты жоққа шығарған. Олар "Наурызға тек 213 млн теңге бөлінгенін, журналистер келтірген 595 млн теңге жыл бойы өтетін іс-шараларға қарастырылғанын" айтты.