Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлдана Мырзуан ісі: Сарапшы қасбеті опырылған үйді салу кезінде заңбұзушылықтар болғанын айтты

Абаява сот отырысы кезінде
Фото: Видеодан скрин

Ұлдана Мырзуанның қаза болуына қатысты іс бойынша сот-құрылыс сараптамасын жүргізген сарапшы Бауыржан Қазиев үйдің жағдайы туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Судья сарапшыдан жобалау және құрылыс барысында анықталған бұзушылықтар бүкіл үйге қатысты ма, әлде тек опырылып құлаған қабырғада ғана болды ма деп сұрады.

"Сіз атап өткен құрылыс бұзушылықтар “көзделген монолитті арматураланған белдеулердің болмауы, арматуралық торлардың болмауы немесе талапқа сай орнатылмауы, қаптау қабатының көтергіш қабатқа дұрыс бекітілмеуі, қалау жіктерінің ерітіндімен сапасыз толтырылуы, жіктердің бос қалуы, елеулі жарықтардың пайда болуы, қалау қабаттарының арасындағы саңылаулар" үйдің шеткі бөлігіндегі опырылған қабырғадан анықталды ма, әлде қасбеттің бүкіл периметрінде болды ма?" – деп сұрады судья.

Сарапшы бұл бұзушылықтардың үйдің екі шеткі қабырғасына қатысты екенін айтты.

"Бұл – екі шеткі бөлік. Ал көтергіш қабырғаларда да жарықтар бар. Тексеру бүкіл ғимарат бойынша жүргізілді. Негізгі бұзушылықтар ғимараттың екі шеткі бөлігінде анықталды", – деп түйіндеді Қазиев.

Оның айтуынша, аталған ақауларды тек көзбен анықтау мүмкін болмаған.

"Ол үшін техникалық тексеру жүргізу керек еді. Атап айтқанда, аспаптық зерттеу жүргізіп, арнайы бақылау белгілерін (маяктар) орнатып, диагностика жасап, есептеулер жүргізу қажет. Тек содан кейін ғана тиісті белгілерді анықтауға болар еді. Мұны жай ғана визуалды тексеру арқылы анықтау мүмкін емес", – деп атап өтті сарапшы.

Еске салсақ, Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысында қорғаушы тарап шақырған маманнан жауап алынғанын жазған. Маман Вероника Лобаева сот құрылыс-техникалық сараптамасына жасаған рецензиясын таныстырып, ғимарат конструкцияларынан анықталған кемшіліктер туралы айтты.

Айыпталушы Сәуле Жұбаниязова фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында үйдің сараптамасы туралы білгендер пәтерлерін сатып жібергенін айтты. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 09 Қыркүйек, 2026 19:44