Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сәкен Майғазиев: Ая Мантай маған хабарласып: "Сізбен Құдай туралы сөйлескім келеді" деді

Күні кеше өмірден озған жас жазушы Ая Мантайды әлеуметтік желіде дос-жарандары еске алды. Тіпті өмірде кездеспесе де жақын адамдай дос тұтқан өнер өкілдері ол жайлы естеліктерін жазды. 

Мұхамеджан Тазабеков Аягүл Мантайдың өз сөзінен үзіндіні жариялады. 

“Адам – тас секілді соншалықты мықты, гүл секілді соншалықты нəзік жаратылыс. Біз – жай ғана пендеміз. Сол себепті, бізге қателік тəн. Біз – топырақпыз. Топыраққа, бір-бір төмпешікке айналамыз. Сол себепті, тірімізде кешіруге, кешірім сұрауға үлгеруіміз керек.

Қателікті мойындау – адамды аспанға құс секілді ұшырады. Бірақ біз оны білмейміз. Әйтпесе кешірім сұрар едік қой. Қанатсыз да аспанға ұшуға болатынын сезініп, керемет күйді бастан кешер едік. Біреудің қателігін кешіру – бізді кемелдендіреді.

Біреуді қателігімен, кемшілігімен жақсы көру – махаббат, ұлы махаббат. Өкініштісі, біз біреудің кемшілігін көргіміз кеп тұрады. Ең арысы, жүріп жүрген қызыңның не жігітіңнің, əйеліңнің не күйеуіңнің, досыңның, құрбыңның кемшілігін іздеумен боласың. Неге? Себебі сен ата-анаңнан, ортаңнан жеткілікті мейірім алмағансың.

Біздің жанымызға көбіне жақсы көретін, уақытымызды арнаған, қимас, жақын адамдарымыз жара салады. Сол жараны емдеп, жазуға біз əлсіздік танытамыз. Жақын, жақсы көретін адамыңның сатқындығы күйретіп жібереді. Сол жанымызға батып тұратын жараны жалап жазудың орнына оның жанына жара саламыз. Біз "уды у қайтарады" деген принципті ұстанамыз. "Менің жанымның қаншалықты ауырғанын ол (жігіті/қызы не бұрынғы күйеуі/əйелі не досы/құрбысы, т.б.) сезінсін, менің жаным, жүрегім қаншалықты ауырғанын сезінсін дейді. Бар мақсаты: сол, кек алу. Бірақ мəселе одан əрі ушығып кетеді. Өзіңнің жаныңа жара салған адамның қателігін қайталайсың, соның деңгейіне түсесің, тіпті одан əрі құлдырайсың. Ол сол қателікті ақымақтықпен жасаған шығар, ал сен қателікке саналы түрде таңдау жасайсың. Кімнің қателігі ауыр? Әрине, эмоцияға ерік берген сенің қателігің ауыр. Эмоцияны басқаруға сенің ақылың, білімің жететін еді ғой. Жай ғана ол адамды өміріңнен, санаңнан, жүрегіңнен босат, еркіне жібер, оған қателік жасауға, қателігін мойындауға шанс бер! Кешірімді болайық!” Рас сөз! Алла кешіріміне алсын, Аягүл қарындасымызды”, – деп жазды Мұхамеджан Тазабеков.



Бұл ретте дінтанушы Қайрат Жолдыбай өз ойын жазды. 

“Ая Мантайға қорған бола алмадық. Өлімінің себебі әлеуметтік желіде айтылып жатқан “скриннен” шыққан екі адам арасындағы реніш қана емес деп ойлаймын. Ая секілді танымы терең адам оған бара қоймас. Ол болса, болса, онсыз да әзер тұрған адамға соңғы тамшы шығар. Өмірде кім ренжіспейді? Мәселе тереңде! Аягүл неге жалғыз? Неге жұмыссыз? Неліктен әділетті сүйген, жасандықты жек көрген талантты адамдар мына қоғамда өз орнын таба алмайды? Қателік қай жерде? Сұрақ көп. Осылардың шешімін зиялы қауым, биліктегі идеологияға жауапты адамдар, алаш үшін алаңдаулы әрбір есті кісі бірге іздеуге тиіс. Ал ренжісті деген адамға ауыр сөз айтып, тірідей жерлеуге асықпайықшы. Өсекті доғарайық. Бәрі Аллаға аян!”, – деді Қайрат Жолдыбай.

Тележүргізуші Данияр Есен Аягүлді бір күн бұрын ғана алғаш рет әрі соңғы рет кездестіргенін айтты.

“Кеше керемет кездесу болды. Кездейсоқ кездесу. ҚазМедиа ғимаратында өзімнің сүйікті авторларымның бірі Аягүл Мантайды кездестірдім.

– Сіз Даниярсыз ба? Мен Аягүлмін, – деді. Аузыма сөз түспей қалды. Мен Аягүлді Жер Планетасында өмір сүреді деп ойламаппын. Ғарыштан келген керемет жан, ғарышқа қайта оралды”, – деп жазды ол. 

Ал Сәкен Майғазиев Ая Мантайдың өзіне хабарласып, кездесуді өтінгенін айтты. Алайда өмірде кездесуге үлгермеген екен. 

“Инабатты, саналы, білімді, өресі биік қыз өмірден озды. Өкінішті. "Аға, сәлеметсіз бе? Халіңіз жақсы ма? Сізбен Құдай туралы сөйлескім келеді. Жазып жатқан романымның негізгі тақырыбы осы. Ая Мантай". Бұл Ая қыздың маған екі апта бұрын ғана жазған хаты еді. Өмірімде кездестірмесем де, сырттай шығармашылығына қанық болып, сүйсініп жүретінмін. "Шымкентке келген соң сырласып, сұхбаттасармыз, қалқам", – деп ем. Алла Тағала өлшеп берген өмірден жұмыр басты пенде бір минут не ілгері, кейін жан тәсілім етпейтіне иман келтіреміз. Жаның ЖӘННӘТТА шалқысын, жақсы адам”, – деп жазды Сәкен Майғазиев.

Айта кетейік, қазақстандық жас жазушы Аягүл Мантай өмірден өтті. Қаралы хабарды марқұмның әріптесі, ақын Сүндет Сейітов растады. Жазушы қайтыс болғаннан кейін Түркістан облысының полицейлері қылмыстық іс қозғады.

Талқылау