Сағыз саттым: Қазақстандық кәсіпкер 23 жасында 200 мың долларды қалай тапқанын айтты
Қазақстандық кәсіпкер Сырымбек Тау бала күнінен саудаға бейім болғанын айтады. Сол пысықтығы кейін өзін кәсіп жолына келуіне себепші болған. Бұл туралы кәсіпкер Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында айтты.
“Мен бала күнімде Монғолияда сағыз саттым. Ол кезде күнкөріс үшін саттым. Бір жағынан әкем мені үйренсін десе керек, менің не істеп жүргеніме қарсылық танытқан жоқ. Бала күнімнен саудаға жақын болдым. Соны қолдады. Соның арқасы шығар, кейін кәсіпкерлікті қолға алдым”, – дейді ол.
Сырымбек Қазақстанда көлік сатумен айналысқаның сөз етті. Кейіннен көлікке қатысты жабдықтарды саудасын жолға қойған.
“Көлікті сырттан әкеп саттық. Біршама кедергілер болды. Шектеулер болды. Дөңгелектеріне, нөміріне, көліктің тіркелген еліне байланысты дегендей. Бірақ қолды бір сілтемей, соңына дейін жүрдім. Сондықтан осы күнге жеткен шығармын. Қазақтың бәрі бай болу керек. Бәрінің қолынан келеді. Тек жұмыс істеу керек. Жалқаулық, жағымпаздық, жемқорлықтан алыс болса болды, ақша табу қиын емес”, – деді ол.
Бүгінде Сырымбек Тау – бес баланың әкесі.Жарының есімі – Толқын. Ұлының бойы өзінен үлкен деген ол мұның өзіндік себебі бар екенін тілге тиек етті.
“Менің атам алып адам болған. Бойы 2 метр 30 см. Аяғы үлкен болған. Киімі Қытайдың мұражайында сақтаулы. Үлкен адам ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Қуандық деген кісі. Сол кісінің ұрпағымыз. Сондықтан отбасымда бәрі бойшаң”, – дейді кәсіпкер.
Блогер желіде елімізде болған жағдайға үнемі үн қосып, өз пікірін білдіріп отырады.
“Еліміздегі соңғы жағдай, иә, мені де алаңдатады. Туың құламасын! Тілің өлмесін! Дінің жоғалмасын! Басқа сенің нең бар сақтайтын? Туымызды төменге түсіріп, өзінін бір минуттық ермегі үшін қорлау - ол опасыздық.
Біздегі танымал тұлғаларға (өнер адамдары, блогерлер, вайнерлер, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер, беделді адамдар) жаза қолданатын кез келді. Ішімдік ішіп, есірткі қолданып, боқтық айтып, тыр жалаңаштанып, жаппай халыққа тіл тигізіп, құндылықтарымызды қорласа өз салаларынан 2-8 жылға дейін шектеп, қайталанса немесе бағынбаса, соттауға дейін бару керек деп ойлаймын! Сондықтан, осыны ел ағалары болып қолдап, ұрпағымызды салауатты қоғамда тәрбиелейікші! Есерсоқтарға ес берсін, Аллам”, – деп жазды Сырымбек.