Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сағыныш қалды": Қарақат Әбілдина әсерлі жазбасымен көпшілікті жылатты

Танымал әнші Қарақат Әбілдина марқұм анасының туған күні қарсаңында жазба жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: https://www.instagram.com/karakat_a/

Өнер иесінің анасы осыдан төрт жыл бұрын дүние салған еді. 

“Амансыз ба, қымбатты оқырман! Баршаңызға Алланың сәлемі мен игілігі болсын! Тілсіз жау есеңгіреткен елімізге Алла жеңілдігін берсін. Қасиетті рамазан айының соңғы онкүндігіндеміз. Жаратушыға жалбарынып, көмегімізді жіберіп, дұға жасағаннан басқа адамның қолынан не келеді?!  Көңіл алай-дүлей… Сағыныш қалдырып кеттің жүрегімде таусылмайтын… Бұл ән анама арнап жазылған болатын. Тірі болса 30 наурыз, 84-көктемін қарсы алушы еді. Сол туған күніне салғым келген еді. Оған ауыл-аймақты су алып жатқан аласапыранда еш реті келмеді. Әнде "Жылжиды жылдар, керуен өмір көшімен" деп басталғандай, уақыт өткен сайын қайғың кішірейгенмен, сағыныш ұлғая береді екен. Сағыныш Намазшамова сөзіне жазылған, Жанар Қожағазинаның осы әні. Өзім сияқты анасын сағынып жүрген жандарға арналсыншы", – деп жазды дәстүрлі әнші. 



Сонымен қатар, өнер иесі марқұм анасымен соңғы рет қашан тілдескенін де оқырман қауымға айтып берген еді. 

“Аяла қызымның туған күнімен құттықтады. Ауылда байланыс нашар болса да, сол күні керемет ұстады. Анамның бейнесін ап-анық етіп көрсетіп тұрды. Соңғы тілдесуіміз екен. Екі күннен кейін дүние салды. Санаулы сағаттарда өзі үйде қалып, үйдің бәрін томпаңдап жинап, түгендеп, төсеншектің бәрін қағып-сілкіп, өзі тіккен көрпелердің қырын шығарып тұрып жинаған. Үлкен екі сандығындағы шапан-шапқыттарының бәрін реттепті.  Баяғыда сандықтың түбіне салып қойған кебінді (ақ  мата) әбдіренің бетіне шығарып, елге таратасың деген заттың бәрін дайындап кеткен. Содан ғұсыл деретін алып шығып келе жатқанда басы айналып Ауруханаға жеткізілген сол күні, таң ата жүріп кетеді. Өзі үнемі тілейтін “ Алла мені бақпалы қылмай,ешкімге кіріптар етпей жөніңмен ал” деп.Тілегін жаратқан берді”, – деп есіне алды өнер иесі. 

Еске салайық, әнші мереке қарсаңында мектептегі балаларының концерттеріне қатыса алмайтынын айтып, кешірім сұрағанын жазған едік. Одан кейін эстрада жұлдызы сахналық киімдерін сатып, сынға ұшыраған еді. 

Талқылау