Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Роза Рымбаева: Әли мен Ақеркені бөлек шығарамын, бірақ көрші тұрамыз

Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева жақында ғана ене атанды. Алғаш рет құдағи атанған әнші тойдың қызықтарын айтты. Ақерке Бүркітбайдың Ұзату тойы өткенімен үлкен тойдың ауылы алыс. Оның себебін Роза Қуанышқызы өзі түсіндіріп берді. 

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды. 

Роза Қуанышқызы келінінің туған қаласы Атырауға барып, ұзатып алды. Қазақтың салт-дәстүріне сай құда түсіп, қоржын беріп келінін алып қайтқанын айтады. 

"Ақеркенің туған қаласына барып, ата-анасымен таныстық. Бес адам болып бардық. Қазақтың салтына сай, ата-анасымен танысып, сырға салып, құда түстік. Қазақпыз ғой. Сондықтан қазақтың дәстүріне сай барлық жоралғыны жасадық. Киітін беріп, қоржынын жасадым. Той үлкен болған жоқ, шағын ғана адаммен құдаларымыздың үйінде болды. Біз бір күнде барып, бір күнде қайтып кеттік", - деді халық әртісі. 

Айтуынша, ұзату тойды шағындап атап өткенімен үлкен тойды жасауға асық емес. Оған қазіргі күрделі жағдай себеп. Карантин талаптарын бұзбай, бәрі тынышталғанда ғана тойлайтынын атап өтті.



"Той жасауға дайындалып жатқан жоқпыз. Карантин қашан толығымен бітеді, сол кезде жасаймыз. Себебі той тойлауға хақымыз жоқ. Оның үстіне халық ауырып жатқанда қайдағы той", - деді Роза Рымбаева. 

Батыс жұртымен құда болған әнші келін-баласымен бірге тұрмаймын деп шешкен. Тұңғышына еншісін беріп, бөлек шығармақ ниетте.

"Әли мен Ақерке бізбен бірге тұрмайды. Бөлек тұрады, бірақ көрші боламыз. Бір аулада тұрамыз", - деді Роза Қуанышқызы. 

Күні кеше Атырау қаласында бойжеткеннің ұзату тойы дүркіреп өтті. Өнердегі әріптестері мен желідегі оқырмандарын екі жасқа бақыт тілеп, ақ тілегін арнап жатыр. 

Талқылау