"30-ға жуық адамның аман қалуы таңғажайып жағдай": Маңғыстауда апат болған ұшақтың капитаны тәжірибелі ұшқыш болған
Ақтау маңында құлаған Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer E190AR ұшағын әзірбайжандық тәжірибелі ұшқыш Игорь Кшнякин басқарған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “РИА Новости” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: t.me/maidentower/Игорь Кшнякин/Александр Кальянинов
Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының мәліметінше, Игорь Кшнякин осы уақытқа 15 мың сағаттан астам ұшу тәжірибесі бар білікті маман. Оның 11,2 мың сағатында ұшақты капитан ретінде басқарған. Сондай-ақ ұшақтағы экипаж мүшелерінің бәрі Әзірбайжан азаматы болғаны белгілі болды.
Орны толмас қос ұшқыштың қазасына Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының ұжымы қайғыра көңіл айтты.
Azerbaijan Airlines ұшу қауіпсіздігі басқармасы бастығының орынбасары Фархад Насиров ұшақ капитаны Игорь Кшнякинді бала кезден танитынын айтады.
“Ол менің әкеммен Як-40 ұшағында бірге жұмыс істейтін. Таңертең рейс алдында брифинг өтетін бөлмеде екі ұшқышпен де кездестік. Олардың көңіл күйі жақсы еді. Мұндай жағдай болғаны өте өкінішті”, – дейді Фархад Насиров Bizim Media басылымына берген сұхбатында.
Екінші ұшқыш Александр Кальяниновтың Измирдегі технологиялық университеттің және Әзірбайжандағы Баку еуропалық лицейдің түлегі екені белгілі болды. Лицей оқытушылары өз түлегінің ұшақ апатында қаза тапқанына сене алмайды.
“Біздің Александр Кальянинов! Біз оның жетістіктеріне қуанған едік. Лицей керемет түлек пен студенті үшін Түркиядан алғыс хат алған еді. Ақылды, сымбатты жігіт ондаған адамның өмірін құтқарамын де қызмет барысында қаза тапты. Бұл орны толмас қаза. Енді аспанға қарап, ұшақтың дыбысын естігенде Сашаны еске аламыз. Мәңгі есімізде... “, – деп жазды лицей ұжымы.
Ал авиасарапшылар ұшқыштардың әрекетін батылдық пен көзсіз ерлік деп бағалады. Ресейлік бұрынғы әскери ұшқыш, Fighterbomber Telegram арнасының авторы Minval басылымында экипаждың соңғы сәтке дейін күрескенін айтады.
“Ұшақтағы ақау мен ұшу параметрлерін ескерсек, ұшақ апатты жағдайда суға қонғанда ешкім тірі қалмас еді. Ұшқыштардың арқасында 30-ға жуық адамның аман қалуы таңғажайып жағдай”, – дейді ол.
“РИА Новости” басылымына сұхбат берген тағы бір дерккөз ұшқыштардың соңына дейін ұшақты апатты болдырмауға тырысқанын айтады. Оның сөзінше, олар ұшақтың барлық бейнежазбалары мен радар деректерін қарап шыққан. Ұшқыштар әуе кемесін ұзақ уақыт бойы аспанда ұстап тұруға барын салған. Тіпті капитан ұшақты Ақтау әуежайының жанындағы тегіс, бос жерге қондырмақ болған деген ақпарат та бар.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда Әзірбайжан әуе компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Бортта 67 адам болған. Оның 38-і қаза тауып, 29 адам Маңғыстау облыстық ауруханасында ем абылдап жатыр. Апаттың алдын ала себебі оның құстарға соғылуынан екені айтылды.