Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Таксистер жаппай Қытайда жасалған автокөліктердің сапасына шағым жасады

Ресейлік такси жүргізушілері Қытайда жасалған автокөліктердің сапасыз екенін айтып, жаппай шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kommersant.ru порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Stan.kz

Көлік жүргізушілер Қытайдан келетін көліктердің сапасына және оның техникалық қызмет көрсетуіне көңілі толмайтындарын жеткізді.

Сарапшылар мұндай көліктерді 150 мың шақырымнан кейін есептен шығару керек деп есептейді. Такси компаниясы өкілдерінің бірі қытайлық көліктердің 70%-ының вариаторы тез істен шығатынын және көбінің қозғалтқышында ақау барын айтады. 

Автобөлшектерге қатысты контрафактілік жағдайлардың жиілеуі жағдайды одан әрі қиындатты. Қазір импорттық автокөлік бөлшектерін жеткізудің орташа мерзімі шамамен 45 күн. Сонымен қатар Ресейдегі автосалондарда контрафактілік бөлшектер, әсіресе қытайлық автокөліктерге арналған көшірме бөлшектер жиі табылып жүр.  

“Көбіне қосалқы бөлшектердің түпнұсқа нөмірін тауып, оны елге әкелген күннің өзінде ол контрафакті болып шығады. Яғни, біз бірдей нөмірлі үш қосалқы бөлшекті әкелеміз. Бірақ соңында бұл мүлдем басқа үш бөлшек болып шығады”, – дейді "Евроавто" сервисінің иесі Роман Гуляев. 

Такси компаниялары пайдаланатын көліктерге техникалық қызмет көрсету шығыны өсті. Сәйкесінше, тарифтер де қымбаттайды. Атап айтқанда, Yandex Go такси қызметінің бағасы өсетінін мәлімдеді. Факторлардың бірі еуропалық және корейлік көліктерге қарағанда қытайлық көліктердің ресурсы төмен екенін көрсетті.

Сондай-ақ Ресейде қытайлық көліктердің жүріп бара жатып өртеніп кеткен кездері жиіледі. Әлеуметтік желіде өртеніп жатқан қытайлық көліктердің видеосы жиі тарап жүр. Сондай оқиғалардың бірі Мәскеу облысына жақын маңда болды. Сынақ кезінде Қытайда жасалған Chery Tiggo 7 Pro өртеніп кетті. Көліктің қозғалтқышынан ақау шықты деген болжам бар. Оқыс жағдай кезінде ешкім зардап шеккен жоқ, алайда автокөлік түгелдей жанып кетті.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 29 Қазан, 2024 14:23