Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ресейдің мүддесін ашық қорғаудан болып отырған "цирк": Санжар Боқаев үкіметтің қауіпсіздігі төмен көліктерді елге кіргізу туралы шешіміне қарсы шақты (видео)

Қазақстан үкіметі елімізге ABS жүйесі, қауіпсіздік жастықтары және SOS түймелері жоқ экологиялық класы төмен көліктерді кіргізуге рұқсат берген. Белгілі қоғам белсендісі Санжар Боқаев үкіметтің бұл шешімін сынап, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға өз ұсынысын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Санжар Бокаев 2022

Көрнекі сурет

Боқаев жоғарыда аталған қауіпсіздік жүйелері жол-көлік оқиғаларын азайтатыны және адамдардың өмірін сақтап қалуға көмектесетіні статистикалық тұрғыда дәлелденгенін айтады. Сондай-ақ ол үкіметтің мұндай шешімін қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығына немқұрайлы қарауынан қабылдаған деп саралайды.

Осылай деген қоғам белсендісі Склярға өз ұсынысын айтты.

"Бірінші, аталған кәсіпорындар мұндай көліктерді сатып алатын азаматтарға оларда маңызды қауіпсіздік элементтерінің жоқтығы жөнінде ескертуге міндеттелсін. Екінші, мұндай көліктерді сатып алған азаматтарымыздың денсаулығы мен өмірін "СарыАрқаАвтопром" АҚ есебінен қосымша полистермен сақтандыру қажет", - дейді Боқаев.



Сонымен қоса ол қазақстандықтарға өз қауіпсіздігі үшін мұндай көліктерді сатып алмауды ұсынды. Боқаев билікке сенім жоқ екенін айтады. Бір-екі жылдан кейін үкімет қауіпті көліктердің жүруіне тыйым салатын жаңа ереже қабылдамайтынына ешқандай кепіл жоқ, дейді ол.

"Мұндай цирк Ресей Федерациясының мүдделерін ашық қолдаудан және өзінің келісілген индустриялық саясатының болмауынан болып отыр. Жемқорлық жайлаған екі министрлікті (Индустрия министрлігі, Экология министрлігі) қайта жасақтау қажет", - деген талабын айтты Боқаев.

Қоғам белсендісі мұнымен қоса утильдік алым мөлшерін 100 мың теңгеге, ал бастапқы тіркеу жарнасын 150 мың теңгеге дейін төмендетуді талап етеді.

Талқылау