AAPL
143.78 $
2.32 %
TSLA
707.73 $
7.43 %
NDAQ
150.93 $
2.33 %
GOOGL
2155.85 $
1.88 %
FRHC
41.25 $
2.79 %
AAPL
143.78 $
2.32 %
TSLA
707.73 $
7.43 %
NDAQ
150.93 $
2.33 %
GOOGL
2155.85 $
1.88 %
FRHC
41.25 $
2.79 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Есімовке еліктеп, "Nur Otan-нан" қуылған: Санжар Боқаев туралы не белгілі

Соңғы кездері халық алдында өзінің билікті сынайтын ашық көзқарастарымен танылып жүрген қоғам белсендісі Санжар Боқаев жаңа партия құратынын мәлімдеді. 17 ақпанда өткен баспасөз мәслихатында Боқаев журналистерге "Намыс" деп аталатын партиясы мен оның бағдарламасын таныстырды. Алайда белсенді азаматтың бұрынғы атқарған қызмет жолына қарап, "ескі жүйенің" адамы деп атайтындар да бар. Және керісінше шындықты тура айтатын мінезін алға тартып, жанына топтасуға шақыратындар да аз емес. Stan.kz тілшісі осы тұрғыда Санжар Боқаев кім деген сұраққа жауап іздеп көрді.

санжар бокаев

"Nur Otan-ның" болашағын Назарбаевсыз елестете алмаймын”

40 жастағы Санжар Боқаевтың халық арасындағы есімі Алматыдан басқа қалаларда бұған дейін қатты танымал болмаған.

Санжар Боқаев Алматы қаласында дүниеге келген. Саясаттану мамандығы бойынша жоғары білім алған, қазір саясаттану ғылымдарының докторы. Колумбия университетінде (Нью-Йорк, АҚШ) тәжірибеден өтіп, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде, сондай-ақ Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей мемлекеттік басқару академиясында оқыған.

Еңбек жолын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде "Саясаттану" кафедрасының аға оқытушылығы ретінде бастаған. 

Бұдан кейін Боқаев партиялық қызметке өтіп, “Nur Otan" ХДП Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары болған. Алматы қаласы әкімдігінің жастар саясаты басқармасының басшысы болып жүріп, 2014 жылдың күзінде Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы қызметіне келеді. Ал 2015 жылдың тамызында бұл қызметтен босатылады.

Осы жылы Санжар Боқаев Қазақстандағы ең жас шенеуніктердің тізіміне енеді. Бұл уақытта әкімдіктегі қызметінен кеткен ол "ҚазТрансГаз" АҚ басқарма төрағасы Әділбек Жақсыбековтің кеңесшісі қызметіне кіріскен еді. Кейіннен Боқаев сенат төрағасы Дариға Назарбаеваның штаттан тыс кеңесшісі болған. 

Боқаевты жас шенеуніктер қатарына енгізген сайтта оны журналистер арасында әрқашан ашық ақпарат беруге дайын, өзінің нәтижелерін, ойларын, идеяларын әлеуметтік желілерде жариялап отыратын қызметкер деп көрсеткен.



Санжар Боқаев "Nur Otan" партиясының Алматы қалалық жетекшісі болып жүрген уақытта Quorum.kz сайтына сұхбат береді. Онда ол "Nur Otan-ды" ең ірі саяси партия деп атап, сонымен бірге оның құрылған күннен бастап барлық сайлау науқандарының сөзсіз фавориті болғанын айтады. Сондай-ақ жаң шенеунік партияны мұндай биікке шығарған қоғамның үлкен сеніміне ие Нұрсұлтан Назарбаев дейді.

"Nur Otan" ең ірі саяси партия болып табылады. Партияның мұндай табысқа жетуінің сыры – партияда жұмыс істейтін өз көшбасшысының бағытының дұрыстығына бірауыздан сенім білдіретін адамдардың болуs. Бірақ басты табыс жолын әлі де болса қоғамда жоғары сенімге ие партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев бастап тұр. Оның жеке қатысуынсыз партияның болашағын елестете алмаймын", - деген Боқаев.

Бір ғана Алматы қаласының өзінде "Nur Otan" партиясының қатарында 800 мыңнан астам адам бар деген ол кейбір партиялардың тіпті бүкіл ел бойынша мұндай мүшелері жоқ деп мақтанған.

"Nur Otan" партиясының қатарына өтуге ниет білдірушілер саны күн санап артуда. Егер бұл динамика жалғаса беретін болса, алдағы бір-екі жылда "Nur Otan" миллионер партияға айналады. Сол себепті алдағы сайлауларда "Nur Otan-ның" көшбасшылығы айқын", - деп жауап берген ол.

Дегенмен 2020 жылдың шілдесінде "Nur Otan" партиясы Алматы қалалық филиалында партияның әдеп кодексі мен жарғысын елемеді және нұротандықтардың өміріне немқұрайлы қарады айыппен Санжар Боқаевты партия қатарынан шеттетеді. 

Саяси бюро мүшелері мұның себебін Боқаевтың жариялаған жазбалары шындыққа сәйкес келмейді және партия беделіне нұқсан келтіреді деп түсіндірген.

 

Боқаевтың Есімовке деген ерекше ықыласы

Санжар Боқаев өзі қалалық әкімдікте қызмет еткен жылдары басшысы болған Ахметжан Есімовке деген ерекше ықыласын ешқашан жасырған емес. 

"Ахметжан Смағұловтың қол астында қызмет еткен жылдарда жинаған тәжірибем үшін алғысым шексіз. Әкімшілікке келмей тұрып өзімді сарапшы мен саясаткер деп есептейтінмін. Бірақ менің ақылмен жазылған деп санайтын құжаттарыма ол кісі түзетулер енгізгенде, қалайша бұл ойыма келмеген деп іштей ойлайтынмын. Бұл үлкен тәжірибені білдіреді. Ол мықты маман және аса қиын салаларда қажет. Ахметжан Есімовтің қала үшін жасаған еңбегін басқа ешкім жасай алмаған. Бұған дәлел үшін санап шыққанымыз-ақ жеткілікті: бюджетке түскен кірістер, салынған жолдар, мектеп, метро және т.б.", - дейді өзі бұл туралы.

Санжар Боқаевтың "Настольная книга руководителя партии "Nur Otan" атты кітапты жазып шықққанын да қоса кетейік. Бұл кітапты ол Алматыда "Nur Otan" партиясының депутаты болып тұрған шағында жазған. Кітап 2013 жылы басып шығарылған, 255 беттен тұрады. Өзінің айтуынша, кітаптың тек нұротандықтар үшін ғана емес, кез келген саяси ұйым үшін пайдасы бар.

"Мен жай ғана кез келген партия қызметкері үшін пайдалы нұсқаулық жазып шығарғым келді. Ең қызығы, бұл монографияны жазу барысында мен Кеңес Одағы Коммунистік партиясының жұмысын сипаттайтын 1950 жылдардағы партиялық кітаптарды дереккөз ретінде пайдаландым. Олардың жүйесі мен басқару тетіктері өте қарапайым және мінсіз. Ал біз кеңестік кезеңнің барлығын ескірген және жаман деп санауды әдетке айналдырғанбыз", - деп түсіндіреді өзі.

 

Боқаев бизнес жолында

Биліктегі қызметтен кейін Боқаев "Мастерград" жиһаз фабрикасын ашады. 

Ол мемлекеттік қызметкерден қалай бұл кәсіп түріне келгені туралы былай дейді.

"Әкем жақтан біздің буынның барлығы өндірушілер. Біздің бесінші атамыз темір ұстасы болған. Әрқашан өзімнің қолыммен бірнәрсе өндіргім келетін. Мемлекеттік қызметте жүргенде маған кәсіптік салада тәжірибе жетіспейтіні байқалатын. Сондықтан осы салаға келдім", - дейді ол.

2019 жылғы есеп бойынша Боқаевтың "Мастерград" фабрикасы мемлекетке орташа есеппен 70 млн шамасында салық төлеген. 2021 жылы ол бұл өндірісін сатып жібереді. 

 

 Боқаев алматылықтардың есінде қалай қалды

2013 жылы Алматы қаласында қоғамдық орындарда сүйісуге болмайды деген ақпарат қоғам арасында қызу талқыға түседі. Кейінірек жастар саясаты басқармасының басшысы болып тұрған Санжар Боқаев бұл сөздің қырқып алынғанын және оны халық дұрыс түсінбей қалғанын айтып ақталған.

Тіпті бұл ақпараттан кейін yvision.kz блог-платформасында қоғамдық орындағы ең үздік сүйісу байқауы жарияланған.

Боқаев өз кезегінде егде жастағы кісілердің жастардың мәдениетсіз қылығына шағым айтып көп келетінін алға тартып түсіндіруге тырысқан. Ал сол кездегі оңтүстік астананың әкімі Ахметжан Есімов жастардың сүйісуінде ешқандай әбестік жоқ екенін айтқан. 29 қазанда жас өнертапқыштармен кездесуде: "Қала әкімшілігі сүйісуге тыйым салатын болса, қалай болар еді? Әрине бұл – ақылға қонымсыз дүние. Сүйісу жанға ғана емес, денсаулыққа да пайдалы", - деген Есімов.

2021 жылы Боқаевтың басы тағы да дауға қалады. Әлеуметтік желілерде Алматы қаласындағы балалар ойын алаңының жанында оның кішкентай қызды самокатпен "қағып" кеткені туралы видео тарайды. 

Бірақ кейін Санжардың БАҚ беттеріне берген түсініктемесінде ол ешкімді соқпағанын, ал бейнежазбаны түсірген әйелдердің оны әдейі қаралайтын ойы болғанын айтады.

"Әйелдер өзара әңгімеге беріліп кеткендіктен, кішкентай қызға мүлдем көңіл бөлмеген. Біз өтіп бара жатқанда, кішкентай қыз ойын алаңшасынан секіріп шықты. Біз одан бірнеше арақашықтыққа өтіп тоқтадық. Осы сәтте әйелдер әңгімелерін тоқтатып, бізге қарады да айқай басталды", - деп түсіндірді ол.



 

Боқаев пен утильдік алым мәселесі

Санжар Боқаев сонымен қатар утилизация алымына ашық қарсылық танытқандардың бірі болды және осы мәселені бірінші болып көтерді. Бұған қоса, ол Қазақстандағы автомобиль өнеркәсібіне қатысты биліктің көптеген мәлімдемелерінің жалған екенін айтып, әшкерелеп, оны кеңінен жариялаушы ретінде де белгілі болды.

2021 жылдың мамыр айында Боқаев қазақстандық автоөндірушілерді жалған мәлімдеме жасады деп айыптап, видео жариялайды. Ол елімізде шығарылатын көліктердің статистикасын жасанды көбейтіп көрсеткенін айтқан.

Бұл іске білек сыбана кірісе бастаған ол осы жылы “Нетутильсбору” деген қозғалыс бастап, желтоқсан айында Алматыда осы тақырыпта баспасөз-митингін өткізеді.

Боқаев осы жиында алдағы уақытта саяси партия құруы мүмкін екенін айтқан еді.

“Біз күресімізді тоқтатпаймыз. 2022 жылы бұл бағытттағы жұмыстарымызды күшейтеміз. Қажет болатын болса саяси партия құрамыз. Қазір біз ультиматум қойып отырмыз. Билікке бір ай уақыт береміз. Егер үкімет осы бір айдың ішінде бұл саясатты өзгертпейтін болса, референдум жариялайтын боламыз. Мен бізді халықтың қолдайтынына сенімдімін”, – деген ол.

 

"Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде топтасқан қарақшыларды көрдім"

Санжар Боқаев Baitassov live Youtube-арнасына берген сұхбатында Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде оқиғалардың бел арасында жүргенін айтады.

"Алғашында мен билікке бейбіт талаптарын айтып алаңға шыққан мыңдаған қазақстандықтарды көрдім. Бірақ қаланы қиратуды көздейтін күштердің қала орталығын басып алғанын көрген бұл азаматтар көшелерден кетіп қалды және олардың бұл шешімі дұрыс болды. Мен 20 мың лаңкес туралы ақпараттың қайдан шыққанын түсінбеймін. Бұл жалған ақпарат", - дейді Боқаев.

Ол сонымен қатар қаладағы тәртіпсіздіктер кезінде топтасқан қарақшыларды өз көзімен көргенін жеткізген.

"Барлығы көшеге 10-12 мың адам шықты, ал олардың жартысы – бейбіт тұрғындар еді. Қалғандары шынымен нағыз қарақшылар мен лаңкестер болды. Мен бұл адамдарды көрдім – олар физикалық дайындалған, сондай-ақ олар байланыс құралдарымен, қару-жарақпен жабдықталған. Мен олардың уланған көздерін көрдім, бұл адамдар қандай да бір психотроптық заттардың әсерімен жүрген еді. Содырлар бір күн немесе бір апта емес, көп уақыт дайындықтан өткен. Бір өкініштісі, біздің қауіпсіздік күштері бұл оқиғаларды бақылаудан шығарып алып, ал кейін мүлдем жоғалып кетті", – дейді саясаткер.

 

Жаңа партия мен президенттікке үміткер

2021 жылы Бейбіт Әлібековпен болған сұхбатында Боқаев қазіргі уақыттағы жүйемен жұмыс істейтін мемлекеттік қызметке миллион айлық төлесе де бармайтынын айтады.

Мұның себебін ол жүйенің алдағы жолы тығырыққа әкеліп тірейтінімен түсіндірген.

"Мен қазір мемлекеттік қызметке қандай қаражат төлесе де бармаймын. Өйткені бұл жол бізді тығырыққа ғана алып барады. Ал егер оның жұмыс форматын толығымен өзгертіп, қоғамға пайда әкелетіндей етіп қайта құрса мен 1 теңгеге қызмет етуге дайынмын", - дейді ол.

Санжар Боқаевтың 17 қаңтар күнгі журналистермен өткізген баспасөз мәслихатындағы сөзіне қарағанда, оның құрған жаңа "Намыс" партиясы – цифрлық саяси партия. Ал оның негізгі қозғаушы күші заманауи әрі озық ойлы жастар, дейді өзі.

"Біздің партия құруымыздың басты себептерінің бірі – үкіметтің әлсіз жұмысы мен жемқорлықтың жайылуы. Біз үміттенуден әрі күтуден шаршадық. Мемлекет тек естігендей кейіп танытып келеді. Біздің билік утилизация алымын 1,5 ай бойы шеше алмай келе жатыр ал оның орнына блог-турлармен айналысуда. Біздің құрған партияның басты байлығы - адам. Миссиясы – халықтық мемлекет орнату. Мақсаты – әділеттік орнайтын, адал әрі ақ адамдар басқаратын жаңа Қазақстанды құру", - деп таныстырды ол партиясын.

Сонымен қатар ол сыбайлас жемқорлық тақырыбына жеке тоқталып, Қазақстанда жемқорлықты түбегейлі үш-ақ жылда жеңуге болатынын оған тек саяси ерік қажет екенін айтқан. Боқаевтың сөзіне сенсек, жаңа партия бюджеттік қаржыландырудан толық бас тартады.

"Жақын күндері біз құжаттарды орталық атқару комитетіне тапсырып, ҚР заңнамасына сәйкес тіркеу жұмыстарын бастаймыз. "Намыс" партиясы цифрлық платформа болғандықтан, екі айдан кейін партияның мобильді қосымшасын іске қосамыз. Парламентке келгеннен кейін біздің партия бюджеттік қаржыландырудан толық бас тартады", - деп қосты саясаткер.

Боқаев бейсенбіде партиясын таныстыру кезінде өзінің тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатына "сеніп" қалғанын айтқан.

"Біз қазір ешкімге сенбейміз. Саяси аренаға кім шықса да ол біз үшін жаман адам. Мемлекеттік қызметтегі жұмысым арқылы тәжірибе жинақтап, мемлекеттің тетіктері қандай екенін, ол іштей қалай жұмыс істейтінін білдім. Бір нәрсені өзгерту үшін мұны білу маңызды. Бірқатар беделді қызметтерді атқарғаныма өкінбеймін. Мен де "Nur Otan-ға" сендім. 2012 жылы Назарбаевқа сеніп, мемлекеттік қызметке келдім, ал 2015 жылы оның сайлауда 98 пайыз дауысын қалай "жинағанын" көргеннен кейін күмән пайда болып, мен кетіп қалдым", - деді Боқаев.

Санжар Боқаев алдағы уақытта Қазақстан президенттігіне үміткер болуы мүмкін екенін де жасырмаған. Журналистердің осы тұрғыда қойған сауалына ол "бұл болашақтың еншісінде" - деп жауап берген.

"Қазір нақты жауап бере алмаймын себебі бұл болашақтың еншісіндегі мәселе. Бірақ біздің партиямызды тіркеп жатса, барлығы ойдағыдай болып жатса түсіп қалуым әбден мүмкін", - деген ол.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр