Ресейлік IT-мамандарға қазақ тілінен емтихан тапсырмай-ақ ықтиярхат беріледі – Astana Hub себебін түсіндірді
Әлеуметтік желіде Astana Hub орталығы Ресейден келген IT-мамандарына қазақ тілінен емтихан тапсырмай-ақ Қазақстанда ықтиярхат алуға жағдай жасайтыны туралы ақпарат тарады. Stan.kz редакциясы Astana Hub орталығына хабарласып, жағдайдың анық-қанығын анықтады.
Жазба авторы шетелдіктерген жасалып жатқан жеңілдіктің себебін білгісі келетінін жазды.
“Astana Hub орталығы Ресейден келген IT-мамандарына қазақ тілінен емтихан тапсырмай-ақ Қазақстанда ықтиярхат алуға мүмкіндік беріп отырғаны туралы ақпарат естідім. Неліктен оларға мұндай жеңілдік жасалады? Қазақстанда білікті IT-мамандары аз ба? Өз елімізде осы салада жұмыс істейтін мамандар жеткілікті емес пе? Неліктен шетелдік IT-мамандарға осындай ерекше жағдай жасалып, оларды тартуға басымдық беріліп отыр? Ал қазақстандық мамандарға қандай мүмкіндіктер қарастырылған? Бұл талаптар тек Ресейден келген IT-мамандарына ғана қатысты ма, әлде басқа елдердің азаматтарына да бірдей қолданыла ма? Сондай-ақ шетелдік мамандарға қазақ тілінен емтихан тапсыру талабының не себепті қойылмайтынын түсіндірсеңіздер”, – делінген жазбада.
Осы тұста Astana Hub орталығы шетелдік мамандарды жұмысқа алудағы мақсатын түсіндірді.
“Digital Nomad Residency" бағдарламасы Қазақстанға жоғары білікті шетелдік IT-мамандарды, халықаралық сараптама мен кәсіби құзыреттерді тартуға, сондай-ақ тәжірибе алмасуға арналған. Мұндай бастамалар технологиялық және инновациялық салаларын дамытып жатқан көптеген елде табысты жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағдарлама жергілікті мамандардың жұмыс орнына бәсекелес болуға бағытталмаған. Жобаға қатысатын "цифрлық көшпенділердің" шетелдік IT-компаниямен жасасқан келісімшарты немесе тұрақты жұмысы болуы міндетті. Олар Қазақстанда өмір сүргенімен, шетелдегі жұмыс берушісіне қызмет етуді тоқтатпайды. Осылайша, бұл бастама елімізге білікті мамандарды тарту арқылы ұлттық экономикаға қосымша үлес қосуға негізделген”, – деп мәлімдеді Astana Hub.
Сондай-ақ орталық шетелдік IT-мамандардың келуі жергілікті IT-экожүйенің дамуына, сараптама алмасуға, сондай-ақ қазақстандық мамандар үшін жаңа жұмыс орындары мен кәсіби мүмкіндіктердің ашылуына ықпал ететінін атап өтті.

Astana Hub орталығы шетелдіктерге ықтиярхат берілуне қатысты түсініктеме берді.
Astana Hub үміткерлердің IT саласындағы кәсіби тәжірибесі мен құзыреттерін бағалайды және олар белгіленген талаптарға сай келген жағдайда қолдаухат рәсімдейді. Қолдаухаттың рәсімделуі виза немесе тұруға ықтиярхат автоматты түрде беріледі дегенді білдірмейді. Дегенмен бағдарламалар әлемнің түкпір-түкпірінен жоғары білікті мамандарды уақытша тартуға бағытталғандықтан, елде болуға қатысты кейбір талаптар қарастырылмаған. Атап айтқанда, қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын емтихан тапсыру бағдарлама шарттарында көзделмеген. Astana Hub-та шетелдік мамандармен қарым-қатынас ағылшын тілінде жүргізілуі мүмкін. Бұл ретте азаматтығына қарамастан, барлық шетелдік үміткерге кәсіби іріктеудің бірыңғай талаптары қолданылады”, – дейді орталық өкілі.
Astana Hub-тың мәліметінше, бағдарламалар іске қосылған сәттен бастап әлемнің 71 елінен 1 517 өтінім түсті. Қазақстанға ТМД елдері, Еуропа, Солтүстік Америка, Азия және Таяу Шығыс сияқты түрлі аймақтардың IT-мамандары қызығушылық танытып отыр. Қазір "Digital Nomad Residency" және "Digital Nomad Visa" бағдарламалары аясында 262 шетелдік IT-маман тиісті мәртебеге ие болды.
Ресейлік IT-мамандарға қазақ тілінен емтихан тапсырмай-ақ ықтиярхат беріледі – Astana Hub себебін түсіндірді