Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарлық кәсіпкерді өлтірген қылмыскерге сот үкім шығарды

Ақтөбе
Фото: Pexels

Былтыр қыста қаза болған 52 жастағы Асулан Нұрмағамбетов қазасына кінәлі деп танылғандарға сот үкімі шықты. Экспертиза кезінде оның денесінен 22 пышақ жарақаты табылған. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Асулан Нурмагамбетов өткен жылдың ақпан айында жоғалып кеткен. Үш күннен кейін оның денесі Марғұлан көшесіндегі үйдің ауласынан табылған. Тергеу мәліметінше, ер адамға гаражда аңшылық пышақпен 22 рет соққы жасалған. Қылмыс жасаған адам бейнебақылау камерасын қолғаппен жауып қойған.

Күдікті Нурмагамбетовпен іскерлік қарым-қатынаста болған кәсіпкер болып шыққан. Ол Ресейге қашып кеткен. Кейін ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды. Бастапқыда қылмысқа марқұмның қарызы себеп болуы мүмкін деген болжам қарастырылған.

Сот қылмыскерді 15 жылға бас бостандығынан айырды.

“Оны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтесін”, – деді Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айнұр Юсупова.

Марқұмның туыстары сот үкімімен келіспейді. Сөздерінше, қылмыскер уақытша ұстау изоляторында 1 жыл отырған.

“Ол менің ағамды аямады, мен де оны аямаймын. Соңына дейін барамын. Қолымнан келгенше күресемін. Бұл жаза – 15 жыл мені қанағаттандырмайды. Оның бір жылы СИЗО-да өтті, онда бір күн бір жарым күн болып есептеледі. Демек, ол екі жылға жуық жазасын өтеп қойды. Енді шамамен 13 жыл қалды. Бұл адамнан кейін ағамның денесінде 22 пышақ жарақаты болды, қарауға адам төзбейді. Мен келіспеймін”, – деді Асулан Нурмагамбетовтың әпкесі Гүлжихан Рыспаева. 

Сот үкімі бойынша сотталушы марқұмның туыстарына моральдық шығын үшін өтемақы төлеуге міндеттелді. Марқұмның әйеліне – 8 миллион теңге, әпкелері мен ағасына – 1 миллион теңгеден төленеді. Сонымен қатар сотталған азамат адвокат қызметіне және жерлеуге кеткен шығындарды да өтеуі тиіс.

Ислам Әден
Сәрсенбі, 30 Қыркүйек, 2026 09:27