Тоқаев Германиямен миллиардтаған долларлық шартқа қол қойды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс бабы бойынша дәл қазір Германияда. Іс-сапар кезінде президент Германия президентімен әрі қарай федералдық канцлерімен кездесті. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федеративтік Республикасының Президентін "Алтын Қыран" орденімен марапаттады. Марапаттау салтанатында Мемлекет басшысы Президент Франк-Вальтер Штайнмайердің Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосқанын атап өтті.
“Сіздің парасатты басшылығыңыз, берік ұстанымыңыз және диалог пен бірлікке бейілдігіңіз зор құрметке лайық. Бұл Германияға әлемдегі серіктестерінің сенімін күшейтіп, ықпалдастыққа жол ашты. Бүгінде Германия – өндірісте, ғылым мен технологияда көш бастаған, дамуы қарқынды инновациялық елдердің бірі”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Екі елдің президенті “Қазақстан-Германия” бизнес форумына қатысты. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Германия ұзақ жылдар бойы өзара құрмет пен практикалық ықпалдастық негізінде берік байланыстарды жолға қойғанын айтты.
“Қазақстан Германияны уақыт тезінен өткен сенімді стратегиялық серіктес ретінде қарастырады. Біз Германияның экономикалық жетістіктеріне және өнеркәсіп мәдениетіне зор құрметпен қараймыз. Қанша буын алмасса да, "Made in Germany" бренді сапаның, инженерлік кемелдіктің, дәлдік пен жауапкершіліктің символы болып келеді. Германияның экономикасы қуатты елге айналуына оның халықаралық корпорациялары ғана емес, сонымен қатар орта бизнес кәсіпорындары (Mittelstand), білікті кадрлары, ғылыми әлеуеті мен бірегей өндіріс мәдениеті үлес қосты”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Форумда Тоқаев Қазақстан Германиямен инвестициялық-өнеркәсіп бастамасын қолға алуға әзір екенін мәлімдеді. Сөзінше, екі елдің қарым-қатынасын Орталық Азия мен Еуропа арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтатын көпір.
“Орайлы сәтті пайдаланып, өнеркәсіп саласындағы серіктестігіміз екіжақты үдеріске айналып келе жатқанын айтқым келеді. Оны Қазақстаннан Германияға өнеркәсіп тауарларының экспорты артқанынан аңғарамыз. Мәселен, осы сапар барысында отандық машина жасау саласының өнімдерін, соның ішінде неміс құрал-жабдығын қолдану арқылы шығарылған теміржол көлігі дөңгелегін Германия нарығына жеткізу жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді”, – деді Президент.
Германия президенті де Қазақстанды экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге айтарлықтай мүмкіндік бар екенін атап өтіп, Қазақстан Германия үшін Орталық Азиядағы басты сауда серіктестігі екенін мәлімдеді.
“Қазақстан – Орталық Азиядағы басты сауда серіктесіміз. Оған осы кездесу қорытындысы бойынша қол қойылатын келісімдер дәлел. Федералдық Президент ретінде дамып келе жатқан өңірлік державалармен, соның ішінде Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайтуға ұмтыламын. Германия капиталын, технологиясы мен өнеркәсіптегі тәжірибесін ұсына алады. Ал Қазақстанда табиғи ресурстардың мол қоры, орасан зор өсім әлеуеті бар. Ең бастысы, бұл ел Еуропа пен Азия арасында стратегиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан”, – деді Франк-Вальтер Штайнмайер.

Бизнес форумнан кейін мемлекет басшысы Германияның федералдық канцлері Фридрих Мерцпен кездесті. Президент пен Канцлердің келіссөзі екі ел делегациясы мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты
“Өзара сауда-саттық көлемі өткен жылы 13,4 пайызға ұлғайып, 4,5 миллиард долларға жетті. Германияның соңғы 21 жылда елімізге салған инвестициясы 8 миллиард долларды межеледі. Осы ретте германиялық инвестицияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету айрықша бақылауда екенін айтқым келеді”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде.
Екі тарап БАҚ өкілдеріне бірлескен мәлімдемелер де жасады. Өз сөзінде, Мемлекет басшысы бүгінгі келіссөздер екі елдің байланысын одан әрі нығайтуға жол ашатынына сенім білдіріп, бұл сапарға ерекше мән беретінін айтты.
“Келесі жылы екі мемлекеттің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 35 жыл толады. Содан бері біздің серіктестігіміз барлық деңгейде дәйекті түрде дамып келе жатыр. Атап айтқанда, сауда-экономика, инвестиция және мәдени-гуманитарлық саладағы байланыстарымыз нығая түсті. Тиісті шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығымыз да кеңейді. Өзара құрмет пен қолдауға негізделген ынтымақтастығымыз алдағы уақытта да табысты болады деп сенемін”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Германияны Қазақстанның Еуропадағы сенімді стратегиялық серіктесі әрі еліміздің Тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып таныған мемлекет екенін де тілге тиек етті.

Екі тараптың БАҚ өкілдерімен кездесуі кезінде неміс журналисі Президенттен Омбы қаласында айтқан соғысты уақытша доғару туралы мәлімдемесіне қатысты пікір білдіріп, Ресейдегі қазіргі ахуалға баға беруді сұрады. Өз сөзінде Тоқаев екі елге де құрметпен қарайтынын мәлімдеді.
“Бүгін мен Владимир Путин Ресей басшысы әрі мемлекет қайраткері ретінде Орталық Азия мен Еуропаға, оның ішінде Қазақстанға, жалпы тұтас әлемге оңтайлы саяси тұлға екенін анық айттым. Бұл Сізге тосын болса да, турасы сол. Мен оны өте жақсы білемін. Оның бойынан тарихы қым-қиғаш алып елдің басшысына тән қасиеттердің бәрі табылады. Ел алдында тұрған күрделі стратегиялық мақсаттарды өзінше түсінеді. Әрине, Украинадағы жағдай бәрімізді алаңдатады. Мен әуел бастан Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының ережелерін қатаң ұстанатынын айтқанмын. Біз барлық мемлекеттің аумақтық тұтастығы қағидатын сақтауға және құрметтеуге үндеп келеміз. Украина халқына, оның тарихына, мәдениеті мен дәстүріне, тіліне зор құрметпен қарайтынымызды бұрыннан айтып жүрміз. Мен соғысты дереу тоқтату туралы айтпадым. Қазіргі жағдайда мұның оңай емес екенін түсінемін. Менің меңзегенім: Украина аумағындағы әскери іс-қимылды уақытша доғарып, дипломатиялық процеске көшу немесе қандай да бір келіссөз бастау еді”, – деді Қазақстан Президенті.
Тоқаев Германияның жоғары оқу орындары ректорларымен және ғылыми институт жетекшілерімен кездесті. Аталмыш кездесуге Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те қатысты. Өз сөзінде президент жастарды шетелге жіберудің орнына елдегі университеттергехалықаралық жоғары оқу орындарының стандарттары мен бағыттарын әкелуге кіріскенін айтты.
“Біз дәстүрлі қалыпты өзгертіп жатырмыз. Жастарды шетелге білім алуға жіберудің орнына Қазақстанға озық халықаралық жоғары оқу орындарының стандарттары мен бағыттарын әкелуге кірістік. Елімізде Кардифф университетінің, KAIST және Колорадо тау-кен мектебінің өкілдіктері жұмыс істейді. Қазір елімізде 40 мыңнан астам шетелдік студент білім алады. 2029 жылға қарай олардың санын 100 мыңға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Қазақстан Болон процесіне мүше ел ретінде білім беру сапасы мен ғылыми дәрежелердің сәйкестігін қамтамасыз ететін еуропалық стандарттарды қолданады”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент екі ел жоғары оқу орындарының серіктестігі аясында Қазақстан экономикасының қажеттілігіне сай білім және ғылым орталықтары құрылып жатқанын мәлімдеді.

Өз сөзінде мелекет басшысы Қазақстан ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаржы көлемін ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына дейін арттыратынын мәлімдеді.
“Қазақстан Horizon Europe бағдарламасына қауымдастырылған мүше ретінде қосылу үшін келіссөз бастады. Мақсатымыз – еуропалық зерттеу кеңістігіне кірігу. Еліміз Шикізат материалдары бойынша еуропалық серіктестіктің толыққанды мүшесі. Бұл ұйымның бюджеті 300 миллион еуроны құрайды. TiBeRIUM жобасы осындай ынтымақтастықтың нақты мысалы саналады. Биыл Horizon Europe бағдарламасының 7,5 миллион еуро қаржылай қолдауымен және Фрайберг тау-кен академиясының үйлестіруімен іске қосылған жоба Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Үлбі металлургия зауытын бір іске жұмылдырды. Жоба титан мен берилийге арналған төмен көміртекті өндіріс тізбегін әзірлеуді мақсат етеді. Бізге дәл осындай ынтымақтастық аясын кеңейту қажет. Сол арқылы университеттер, ғылым мен өндіріс бір арнаға тоғысып, жеткізу тізбегі нығаяды. Нәтижесінде біз шикізат ресурстарынан қосылған құны жоғары өнім мен технологияға көшеміз, – деді Тоқаев.
Бөтен тойға кіріп, тамақтанып кеткен: Шақыртусыз қонақтар қазақстандықтардың ашуына тиді