Қазақстанда ресейліктер, белорустар және қырғызстандықтар үшін азаматтық алудың жеңілдетілген тәртібі тоқтатылды
Ресейліктер, белорустар мен қырғызстандықтар үшін азаматтық алудың жеңілдетілген тәртібі уақытша тоқтатылды. Ал тұрақты тұруға ниеттілер қазақ тілінен тест тапсырып, ұпай жинап, арнайы тексеріс пен сұхбаттан өтуі керек. Ұпайы жетпесе, рәсімді жалғастыра алмайды. Stan.kz ішкі істер министрлігінен талаптардың не үшін енгізілгенін және жеңілдетілген тәртіптің неліктен тоқтатылғанын сұрап көрді.
"Азаматтық берудің жеңілдетілген тәртібі тоқтады"
Қазақстанға тұрақты тұруға келген Ресей, Беларусь және Қырғызстан азаматтарына азаматтық алудың жеңілдетілген тәртібі қарастырылған. Мұндай тәртіп белгілі бір талаптарға сай келетін азаматтарға Қазақстанда қанша уақыт тұрғанына қарамастан азаматтық алуға мүмкіндік берген.
Азаматтықты жеңілдетілген тәртіппен алу үшін өтініш берушінің КСРО құрамындағы Қазақ КСР, Қырғыз КСР, Беларусь КСР немесе РКФСР азаматы болғаны және 1991 жылғы 21 желтоқсанға дейін Қазақстан аумағында туғаны немесе тұрғаны ескерілген. Сондай-ақ Қазақстан азаматы болып табылатын жақын туысы бар адамдар да осы тәртіпке жүгіне алған.
Мұнда, ең маңыздысы, осы рәсімде қазақ тілін білу бойынша тест тапсыру талап етілмеген. Бұдан бөлек, өтінішті қарау мерзімі жалпы тәртіптегі 6 ай емес, 3 айды қамтыған еді.
Азаматтық алу үшін өтініш беруші тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне қажетті құжаттарды тапсырған. Олардың қатарында өтініш, бұрынғы азаматтықтан бас тарту туралы нотариалды куәландырылған құжат, фотосурет, өмірбаян, жеке басын куәландыратын құжат және туыстықты растайтын құжаттар болған.
Осылайша, Ресей, Беларусь және Қырғызстан азаматтары үшін Қазақстан азаматтығын алу рәсімі жалпы тәртіпке қарағанда бірқатар талаптар бойынша жеңілдетілген, ал өтінішті қарау мерзімі де қысқартылған.
Осы ретте ішкі істер министрлігі жеңілдетілген тәртіппен азаматтық қабылдаудың тоқтатылуына қатысты түсініктеме беріп, оның әзірге уақытша сипатта екенін және жыл соңына дейін жағдай өзгеруі мүмкін екенін айтты. Ал тұрақты тұруға рұқсат беру тоқтатылмағанымен, шетелдіктер мен этникалық қазақтар үшін алдын ала іріктеу және бағалау жүйесі енгізілген.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстан азаматтығына жеңілдетілген тәртіппен қабылдау 2026 жылғы 10 сәуірден бастап тоқтатылған. Бұл "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" заңды Конституцияға сәйкестендіру аясында енгізілген өзгерістерге байланысты жүзеге асқан.
"Бұл пилоттық жоба жылдың соңына дейін болады. Жылдың соңында бір өзгеріс болып қалар. Өйткені заңға өзгерістер енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы уақытта қосымша ақпарат береміз", – деп жауап берді ішкі істер министрлігі.
Министрлік жеңілдетілген тәртіптің болашағына қатысты нақты мерзім әзірге белгіленбегенін атап өтті. Сонымен қатар азаматтық алудың жалпы тәртібі тоқтатылмағанын да ескертті.
"Қазақстан Республикасының азаматтығына жалпы тәртіпте қабылдау заңнамада белгіленген тәртіппен президентінің жарлығына сәйкес жүзеге асырыла береді. Ал бұл жерде мәселе жеңілдетілген тәртіп бойынша ғана тоқтатылып тұр", – деп пікір білдірді ведомство.
Ал тұрақты тұруға рұқсат алу рәсімі (ықтиярхат) тоқтатылған жоқ. Алайда 2026 жылғы ақпаннан бастап Қазақстанға тұрақты тұру үшін келетін иммигранттарға, оның ішінде этникалық қазақтарға алдын ала талаптық іріктеу және кешенді бағалау жүйесі енгізілді дейді ішкі істер министрлігі.
Жаңа талаптарға сәйкес, шетел азаматтары бірнеше кезеңнен өтеді. Оның ішінде мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау бойынша тестілеу, сауалнама толтыру, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың тексеруі, деректерді автоматты түрде өңдеу және жергілікті атқарушы органдар өткізетін қорытынды әңгімелесу бар.
"Бұйрыққа сәйкес шетелдіктер алдын ала іріктеуден сәтті өткен жағдайда ғана көші-қон қызметі бөлімшелеріне тұрақты тұруға рұқсат алу туралы өтініш бере алады", – дейді министрлік.
2026 жылдың басынан бері Қазақстанда 2,9 мыңға жуық Ресей азаматы тұрақты тұруға рұқсат (ВНЖ) алуға өтініш берген. Олардың басым бөлігіне рұқсат берілген. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2 897 ресейліктің өтінішінің 2 670-і мақұлданса, 227-сіне бас тартылған. Ресей азаматтары көбіне Алматы, Астана және Қарағанды, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарын таңдаған.
Қазақстанда тұрақты тұруға ниетті шетелдіктер мен этникалық қазақтар енді алдын ала іріктеуден өтуі тиіс. Талаптан сүрінбей өткендер ғана ықтияр хат рәсімдеуге өтініш бере алады.
“Бірлескен бұйрықпен Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға көшіп келушілер, оның ішінде этникалық қазақтар алдын ала өлшемшарттық іріктеуден өткізу және бағалау жүйесі енгізілді. Бұйрыққа сәйкес шетелдіктер алдын ала іріктеуден сәтті өткен жағдайда ғана көші-қон қызметі бөлімшелеріне тұрақты тұруға рұқсат алу туралы өтініш бере алады (рұқсатты Әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдар береді)”, – деп министрлік қандастарға қатысты пікір білдірді.