Қазақстан мен Катар азаматтар туралы деректермен алмасуға келісті
Құрылтай "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" заңды екі оқылымда қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Заң жобасын отырыста Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әскенұлы Әділов таныстырды.
"Келісім аясында тараптар қылмыстық іс қозғалғанға дейін жедел ақпарат алмасып, іздеудегі адамдар туралы деректерді салыстырып тексере алады. Сонымен қатар киберқылмысқа және қылмыстық жолмен алынған ақшаны жылыстатуға қарсы күрес бағытында бірлескен оқу-жаттығулар өткізу, технологиялармен алмасу және мамандардың біліктілігін арттыру көзделген. Құжат құқық қорғау органдары арасындағы тәжірибе алмасуды және өзара іс-қимылды жеделдетуге мүмкіндік береді", – деді Санжар Әділов.
Келісім 2024 жылғы 29 қазанда Доха қаласында жасалған. Құжат ұйымдасқан қылмысқа, террористік және экстремистік қылмыстарға, есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына, заңсыз көші-қон мен адам саудасына қарсы күрестегі екі елдің өзара іс-қимылын реттейді. Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастыққа жол ашады.

Ынтымақтастық екі мемлекеттің құзыретті органдарының сұрау салуы негізінде жүзеге асырыламақ.
Ресейлік IT-мамандарға қазақ тілінен емтихан тапсырмай-ақ ықтиярхат беріледі – Astana Hub себебін түсіндірді