Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трамп жасанды интеллектіні енді "суперинтеллект" деп атауды тапсырды

жасанды интеллект
Фото: magnific.com

АҚШ президенті Дональд Трамп федералдық органдарға ресми құжаттар мен жария мәлімдемелерде "жасанды интеллект" (AI) терминінің орнына "суперинтеллект" (SI) атауын қолдануды тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі РБК порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұған дейін АҚШ мемлекеттік департаменті де дипломаттарға "жасанды интеллект" орнына "суперинтеллект" терминін қолдануды ұсынған. Бұл Трамптың БҰҰ Бас Ассамблеясындағы сөзінен кейін болған.

Президент сол жиында нейрожелілерді "жасанды" деп атау дұрыс емес екенін айтып, олардың жоғары интеллектуалдық мүмкіндіктеріне байланысты "суперинтеллект" атауын қолдану дәлірек екенін мәлімдеген.

Құжатқа сәйкес, мемлекеттік мекемелер ресми құжаттар мен жария мәлімдемелерде "Artificial Intelligence" (AI) орнына "Superintelligence" (SI) — "суперинтеллект" терминін қолдануға тиіс.

Ақ үйдің мәлімдеуінше, жаңа атау қазіргі заманғы технологиялардың мүмкіндіктерін дәлірек сипаттайды. Сонымен қатар АҚШ билігі "суперинтеллект" ұғымына ресми анықтама әзірлеуі керек. Жаңа термин мемлекеттік органдардың жасанды интеллектке қатысты коммуникацияларында кезең-кезеңімен енгізілмек.

Жарлық бойынша президенттің ғылым және технология мәселелері жөніндегі кеңесшісі "суперинтеллект" және "SI" ұғымдарына федералдық деңгейде ресми анықтама әзірлеуі керек. Бұл анықтама технология саласының қазіргі жағдайын көрсетуі тиіс. Сондай-ақ кеңесші жаңа терминді енгізу үшін атқарушы билік тарапынан қажет болатын қосымша шараларды анықтайды. Ақ үй бұл атаудың өзгеруін заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін дәлірек көрсету қажеттілігімен түсіндірді. Әкімшілік жаңа термин федералдық органдардың жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңейтуге және оны қолдану аясын дамытуға назарын сақтауға көмектеседі деп санайды.

Сонымен қатар 30 қыркүйекте Google, Anthropic, Meta, OpenAI, xAI және Nvidia басшылары Трамппен бірге жасанды интеллект қауіпсіздігін бақылауға қатысты келісімге қол қойды. Құжат аясында компаниялар модельдерді ішкі бақылау, тәуелсіз аудит жүргізу және директорлар кеңестері жанынан қауіпсіздік жүйелерін қадағалайтын комитеттер құруға келісті.

Ал Anthropic басшысы Дарио Амодей бұған дейін озық жасанды интеллект жүйелерін әзірлеуді баяулатуға шақырған. Оның бұл ұстанымын SpaceX басшысы Илон Маск пен OpenAI басшысы Сэм Альтман қолдаған. Жасанды интеллекттің ықтимал қауіптері туралы Нобель сыйлығының лауреаты, "ИИ-дің атасы" атанған Джеффри Хинтон да ескерткен. Оның айтуынша, қазіргі компаниялар адам интеллектінен айтарлықтай асып түсетін суперинтеллект жүйелерін қауіпсіз түрде әзірлей алмайды. Трамп болса, жасанды интеллекттің қауіптері туралы алаңдаушылықты "мистификация" деп атаған.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ-та тұратын Скотт Уинтерс ChatGPT берген денсаулыққа қатысты кеңестерге сеніп, дәрігерге уақытында қаралмағанын айтып, OpenAI компаниясын сотқа берген еді. Оның айтуынша, кейін өкпе артериясының ауыр тромбоэмболиясына шалдығып, өміріне қауіп төнген. OpenAI өз кезегінде ChatGPT дәрігердің орнын баспайтынын және оны диагноз қою немесе ем тағайындау үшін қолдануға болмайтынын мәлімдеді.

Stan.kz
Сәрсенбі, 30 Қыркүйек, 2026 10:33