Орысша сөйлегені үшін ресейлік әйелдің мұрнын сындырған ер адам ұсталды

Грузияның Телави қаласындағы қонақүйде ресейлік турист әйелді соққыға жықты деген күдікпен ер адам ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Куәгерлердің айтуынша, ер адам әйелдің орысша сөйлегенін естігеннен кейін жанжал бастаған. Ал полицияның мәліметінше, жанжал үйлену тойы кезінде шыққан.
Sputnik Georgia мәліметінше, ұсталған азамат үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
“Құрбыларыммен бірге қонақүйдің балконында шампан аштық. Сол кезде сусын төменге шашырап төгілген. Төмендегі ер адамдардың бірі қыздардың орыс тілінде сөйлейтінін естіп, бөлмеге көтеріліп, құрбымды соққыға жықты”, – дейді куәгер.
Қатты соққы салдарынан әйелдің мұрны сынған.
Ал Грузия Ішкі істер министрлігі оқиғаның басқа нұсқасын ұсынды. Ведомствоның мәліметінше, қыздар қонақүй маңында өтіп жатқан той қонақтарын балағаттап, музыкалық аппаратураға су шашқан. Осыдан кейін тойға қатысушылардың бірі олардың қонақүйдегі бөлмесіне көтеріліп, төбелес шыққан.
Қазір күдікті ұсталды. Оқиғаға қатысты тергеу жалғасып жатыр.
"Ұлымды ұрды, заттарын жоғалтты": Алматылық ана ұлының "Жаңа Ұрпақ" лагерінде қорлық көргенін айтып берді