"Рахмет" әлде "рақмет": Қалай дұрыс?

Қазір қазақ арасында «рақмет» сөзіне қатысты әр түрлі пікірлер айтылуда. Бірі – «рахмет» деген нұсқаны дұрыс көрсе, енді бірі – «рақмет», ал келесі бір топ «рақымет» деген нұсқаны құп көреді. Шындығында, қоғамда қалыптасқан үш түрлі нұсқаның қайсысы дұрыс? Бұл сөзге қатысты тағы қандай қате қолданыстар бар деген сұрақтарға бүгінгі материалымызда жауап береміз.

1988 жылы шыққан "Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі" кітабында бұл сөз «рақмет» деп беріледі. Ол туралы филология ғылымдарының докторы Құралай Күдеринова сұхбаттарының бірінде мынадай пікір білдіреді: 

"Қазіргі уақытта әртүрлі нұсқада жазылып жүрген сөздердің кейбірі "қ" және "х" әріптерінің емлесіне қатысты. Мысалы "рақмет", "рақым", "дастарқан", "рақат", "Қалел", "құқық" сияқты сөздерде жазарман қай әріпті қолдану дұрыс болады деп, тосылып қалуы мүмкін.  Негізгі емле ережесі және "Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі" бұл сөздің барлығында "қ" әрпімен қолдануды заңдастырған. Бұл нормалау 1983 жылы Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережесіне енгізілген түзетулер мен толықтыруларында көрсетілген. Осы түзетулерге сүйене отырып, жоғарыда аталған сөздерде "х"әрпін "қ" әрпіне алмастырамыз".

Маманның айтуынша, елімізде 1988 жылы тағы бір Қазақ тілі орфографиясы шыққан, онда "қ" әрпіне қатысты норма көрсетілді. Бірақ көпшілікті сөздікке қарап жазуға үйрету қиын болған. Оның сөзінше, қазіргі уақытта да бұл мәселе шешілмей келеді.

"Орфографиялық норма ережелері Үкіметтің қаулысымен, жазу заңдылығы осылай болуы керек деп бекімеген. Сондықтан кімге қалай ыңғайлы, әркім солай жазуды әдетке айналдырған. Тіпті, оқушылар университетке түскенде рақат сөзі "қ" әрпімен жазылады екен ғой деп таңғалады. Мінекей, осыдан-ақ мектепте орфографияға терең үңілмейді-ау деп ойлап қаласың. 1980 жылға дейін көптеген сөзде "х" әрпі қолданылған. Кейін орфографиялық нормаға енген "қ" әрпінің алмасқанына көпшілік көнбеді", - дейді ол.   

Күдеринованың айтуынша, оның себебі сөздің айтылу тұрпатымен тікелей байланысты. Орпоэфияға сай рақат, рақым сияқты сөзін айтқанда артикуляциялық ерекшеліктерге байланысты ол "х" әрпі сияқты болып естіледі. Мінекей, осыған байланысты көпшілік ондай сөздерді естіген қалпында жазады дейді маман.

Сонымен қатар, қазақ арасында алғысын жаудырғанда «көп рақмет!» немесе «көп-көп рақмет!» деп айтады. Бірақ соңғы уақытта «үлкен рақмет!» деген жарыспалы нұсқасын естіп жүрміз. Ол – тағы да орыс тілінің ықпалы. Себебі «большое спасибо» дегенді қазақтар «үлкен рақмет» деп тікелей аударып қолданады. Дұрысы – «көп рақмет». 

Адамның сөйлеген сөзіне қарап, оның мәдениетіне, біліміне баға беруге болады. Сондықтан тілімізді шұбарламай, барынша таза, саф қалпын сақтауға тырысайық. 
 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр