Радикализмнен оңалуға дейін: Қазақстанда күмәнді идеологияға қарсы қандай жұмыстар атқарылып жатыр

Діни оңалту бөлімінің маманы Ислам Каюпов діни радикализмнің алдын алу бағытындағы жұмыстар еліміздің барлық өңірінде жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын айтты. Бұл ретте ақпараттық-түсіндіру топтарының қызметі ерекше маңызға ие. Олар халықпен, әсіресе жастармен тығыз байланыс орнатып, діни сауаттылықты арттыруға, дәстүрлі құндылықтарды дәріптеуге және күмәнді идеологиялардың алдын алуға бағытталған жұмыстар жүргізеді.
Маманның сөзінше, елімізде радикализмнің алдын алу – мемлекеттің ұлттық қауіпсіздік саясатының маңызды бағыттарының бірі. Бұл жұмыс тек құқық қорғау шараларымен ғана шектелмей, ақпараттық-түсіндіру, діни сауаттылықты арттыру, жастар саясаты және оңалту бағытындағы кешенді жұмыстар қатар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
“Елімізде "Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарлама" жүзеге асырылады. Бағдарламаның негізгі мақсаты – қоғамда радикалды идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыру, халықтың діни сауатын арттыру, алдын алу жұмыстарын жетілдіру және экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жүйесінің тиімділігін күшейту болды. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар мемлекеттік саясаттың жаңа құжаттары мен іс-шаралары аясында жалғасып жатыр. Атап айтқанда, 2025-2030 жылдарға арналған "Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі тұжырымдама" аясында құқықтық мәдениетті нығайту, жастардың жат идеологияларға қарсы иммунитетін күшейту, интернет кеңістігіндегі қауіптердің алдын алу және азаматтардың ақпараттық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінген”, – дейді маман.
Сондай-ақ Қазақстанның барлық өңірлерінде ақпараттық-түсіндіру топтары жұмыс істеп жатыр. Теологтар, имамдар, дінтанушылар мен білікті мамандар халықпен, әсіресе жастармен кездесулер өткізіп, дәстүрлі діни құндылықтарды түсіндіріп, күмәнді діни ағымдардың белгілері мен олардың зияны жөнінде ақпарат беріп, радикализмнің алдын алуға ат салысып жүр.
Ислам Каюповтың айтуынша, бұл жұмыстарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) да белсенді үлес қосып келеді. ҚМДБ мешіттерде уағыз-насихат жұмыстарын жүйелі жүргізіп, жастармен кездесулер, семинарлар, ашық дәрістер ұйымдастырады. Сондай-ақ әлеуметтік желілер мен ресми ақпараттық платформалар арқылы дәстүрлі исламның құндылықтарын насихаттап, діни сауаттылықты арттыруға және қоғамды радикалды идеологияның ықпалынан сақтандыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүзеге асырып келеді.
Қазақстанда радикализм және құқықтық тұрғыдағы экстремизм, терроризм идеяларын алдын алу үшін бірқатар жоспарлы жұмыстарды мемлекеттік органдар тарапынан жүзеге асырылып жатқандығы белгілі. ҚР “Терроризмге қарсы тұру”, “Экстремизммен күрес туралы” арнайы қабылданған заңдар бар, сонымен қатар, ҚР Терроризмге қарсы орталық, әкімдіктер жанындағы терроризмге қарсы комиссиялардың үйлестіруімен құзырлы мемлекеттік құрылымдар осы саладағы мемлекеттік саясат шеңберінде алдын алу, анықтау және қарсы тұру іс-шараларды жүзеге асырып жатыр.
Алматыда діни радикализмнің алдын алу үшін ақпараттық-түсіндіру кездесулер, жеке сұхбаттар Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма және оған қарасты Дін мәселелерін зерттеу орталығы тарапынан тиімді ұйымдастырылып жүр. Бірінші кезекте, ҚР дін саласындағы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету маңызды. Себебі заңсыз миссионерлік қызмет, интернет желіде рұқсатсыз діни контент тарату, шетелдегі күмәнді орталықтардан дінді үйрену мәселесі әлі де өзекті.
Айта кетейік, Қазақстанда 2026 жылдың сәуір-мамыр айларында терроризм және экстремизмге қатысты істер бойынша 13 адам сотталды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегінше, сот оларға әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.
Сотталғандардың арасында әлеуметтік желіде террористік идеологияны насихаттап, таныстарын террористік белсенділік аймақтарына баруға үгіттеген Астана тұрғыны бар. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ Шымкент қаласының тумасы теократиялық мемлекет құруға үндеп, террористік идеяларды таратқаны үшін 7 жылға сотталды.
Бұдан бөлек, аталған кезеңде терроризм және экстремизм қылмыстарына қатысы бар деген күдікпен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан, Абай облыстарында тағы 11 адам ұсталды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті берген мәліметтерде күдіктілердің экстремистік материалдарды таратқаны, адамдарды террористік белсенділік аймақтарына баруға үгіттегені және өзге көзқарастағы азаматтарға қарсы зорлық-зомбылықты насихаттағаны көрсетілген.
Осы аталған барлық дерек бойынша қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына берілген 20 миллион теңгені кім алды: Әкімдік жауап берді