Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылорда тұрғыны күн сайын 735 мың теңге табыс табуға уәде беріп, 5 жылға сотталды

алаяқ әйел
Фото: magnific.com

Қызылордада WornerBros қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған тұлға 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот сондай-ақ жәбірленушілердің талап-арыздарын қанағаттандырып, 3 миллион USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті қалада WornerBros қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған тұлғаға қатысты сот үкімі шыққанын мәлімдеді.

Тергеу деректеріне сәйкес, ұйымдастырушы азаматтарды WornerBros платформасы арқылы қысқа бейнероликтер мен фильмдерді көргені үшін табыс табуға болады деген уәдемен қаржы пирамидасына тартқан. Қатысушылар рефералдық сілтеме арқылы тіркеліп, құны 10 мың теңгеден 11 миллион теңгеге дейінгі VIP-пакеттердің бірін сатып алған. Оларға күніне 735 мың теңгеге дейін табыс табу мүмкіндігі ұсынылған.

Сонымен қатар әрбір жаңа қатысушыны тартқаны үшін бонус төленіп отырған. Бұл жүйеге жаңа адамдарды үздіксіз тартуға ынталандырған. Қаржы пирамидасын насихаттау үшін WhatsApp топтары, әлеуметтік желілердегі жарнамалар және арнайы үгіт-насихат кездесулері пайдаланылған.

Тергеу барысында салымшылардың қаражатын жинақтау және аудару үшін қолданылған криптоәмияндар анықталды. Сот санкциясымен 3 миллион USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды. Сот айыпталушыны кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ 24 жәбірленушінің азаматтық талап-арыздары қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енді.

Еске салайық, бұған дейін қаржы мониторингі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті "Капитал" қаржы пирамидасына қатысты тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаған еді. Тергеу мәліметінше, ұйымдастырушылар азаматтарға 3-5 күнде салынған қаржының 30-50%-ына дейін табыс түсетінін уәде етіп, 900-ден астам адамды жүйеге тартқан. Нәтижесінде салымшылардан жиналған қаражат көлемі 700 миллион теңгеден асқан.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 10 Маусым, 2026 09:36