Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алдағы үш жылда елге келетін туристер саны 11 миллионға артады

туризм
Фото: magnific.com

Қазақстанда 2029 жылға дейін ішкі туристер санын 11 миллион адамға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін елде туризмнің жаңа бағыттары дамытылып, қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған 180-нен астам іс-шара жүзеге асырылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Елімізде туризм саласын одан әрі дамыту 2029 жылға дейінгі туризмді дамыту тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылады. Мұны Үкімет мәлімдеді.

Олардың мәліметінше, жаңартылған жоспар алты негізгі бағытты қамтиды және 61 іс-шараны іске асыруды көздейді. Бұдан бөлек, 2026–2029 жылдарға арналған Жол картасы әзірленіп, оған 119 нақты іс-шара енгізілген.

“Негізгі мақсаттардың бірі – 2029 жылға қарай ішкі туристер санын 11 миллион адамға дейін жеткізу. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін туристік инфрақұрылымды жетілдірумен қатар, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға басымдық беріледі”, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар туристерге ұсынылатын демалыс түрлерін көбейтуге ерекше көңіл бөлініп отыр. 

“Дәстүрлі туристік бағыттармен қатар, елімізде экотуризм, агротуризм, автотуризм, ат спорты бағытындағы маршруттар, гастрономиялық және іскерлік MICE-туризм қарқынды дамытылып жатыр.  Бұдан бөлек, балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту да маңызды бағыттардың бірі саналады. Бұл жұмыс саяхатты білім беру бағдарламаларымен ұштастыратын “Табиғат сабақтары” жобасы арқылы жүзеге асырылмақ”, – делінген үкімет хабарламасында. 

Үкімет мәліметінше, қабылданып жатқан шаралар еліміздің туристік әлеуетін тиімді пайдаланып, ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елдегі бірқатар курорттық аймақтарда әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселелер бар екенін мәлімдегені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 10 Маусым, 2026 10:22