Қазақстанда Hilton, Marriott және Rixos қонақүйлері салынады

Алдағы жылдары Қазақстанның бірнеше өңірінде халықаралық деңгейдегі 24 жаңа қонақүй ашылады. Қонаев, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Павлодар және Қостанай қалаларында Hilton, Marriott, Rixos, Novotel және басқа да танымал қонақүй желілерінің нысандары бой көтермек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкіметтің мәліметінше, алдағы бірнеше жылда Қазақстанның 11 өңірінде әлемдік деңгейдегі 24 жаңа қонақүй бой көтереді.
Жобалар жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады. Сонымен қатар мемлекет тарапынан жеңілдетілген несиелер мен инвестициялық жеңілдіктер ұсынылады.
Қай қалаларда қандай қонақүйлер салынады?
- Hilton және Marriott – Қонаев қаласында;
- Novotel – Павлодар қаласында;
- Courtyard by Marriott – Қостанай қаласында;
- Rixos – Қызылорда қаласында;
- Hilton Garden Inn, Hilton Park Almaty және Radisson Blu – Алматы қаласында;
- Hilton – Шымкент қаласында.
Үкіметтің мәліметінше, халықаралық қонақүй желілерінің келуі қызмет көрсету сапасын арттыруға, нарықтағы бәсекелестікті күшейтуге және Қазақстанның шетелдік туристер үшін тартымдылығын жоғарылатуға ықпал етеді.
ОқыңызПремиум санаттағы қонақүйлерден бөлек, Қонаев қаласында жаңа казино да ашылмақ. Алматы облысы әкімдігінің хабарлауынша, нысанда қазір құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Алматыда дөңгелек терезелерімен ерекшеленетін жаңа сәулеттік үлгідегі қонақүй салу жоспарланып отырғаны хабарланған еді.
Еске салайық, бұған дейін Алатау қаласы Қазақстандағы ең ірі урбанистикалық жобалардың бірі ретінде дамытылып жатқанын жазған едік. 2050 жылға дейін қалаға шамамен 10,4 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланған. Жоба аясында төрт ірі аудан, заманауи цифрлық инфрақұрылым, халықаралық бизнес орталықтары мен тұрғын үй кешендері салынады. Бұған дейін билік Алатау қаласында 56 қабатты Iconic Towers зәулім кешенінің бой көтеретінін хабарлаған болатын. Құны 800 млн доллардан асатын жоба тұрғын үй, кеңсе және бес жұлдызды қонақүйді біріктіретін өңірдегі ең биік ғимараттардың біріне айналмақ.
Шәйнектегі қақтың бүйректе тас жинайтыны қаншалықты рас: Мамандар жауап берді