Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылорда облысында егінші жұмыс орнында көліктен құлап, сал болып қалды

Анарбек Шарапатов
Фото: Видеодан скриншот

Қызылорда облысы Қармақшы ауданындағы шаруа қожалығында егінші ауыр жарақат алып,  сал болып қалды. Омыртқасы мен жамбас сүйегіне зақым келген 53 жастағы азаматтың төсек тартып жатқанына бір жылдай уақыт болды. Ал еңбек инспекциясының өкілдері бұған жұмыс беруші тікелей кінәлі деген қорытынды шығарыпты. Алайда қожалық басшысы, әрі облыстық мәслихат депутаты әлі күнге дейін жазаланбады, әрі өтемақыны да бермеді деп қынжылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Былтыр күзде егіс алқабынан қайтып келе жатып, апатқа ұшыраған трактордың тіркемесінде болған жолаушылардың бірі – Анарбек Шарапатов. Егінші қожалықта тасымал көлігі тапшы болғандықтан, басшы заңсыз болса да, жұмысшыларды техниканың жүк салғышына отырғызған дейді. Апаттан кейін арбаға таңылған 53 жастағы азамат еңбекке мүлде жарамсыз болып қалыпты.

“Төрағамыз да келді. 200 мың ақшалай көмек берілді. Әлде де көмек болады. “Бәрің бір-бір үйдің азаматысыңдар, асыраушысыңдар ғой” деп уәде беріп кеткен. Бірақ уәде сол күйі қалды. Апаттан кейін жамбас сынды, бел омыртқадан үшінші омыртқа деді, сосын жұлын сүйекке тақалып қалған. Тік ішек жыртылған. Үлкен дәрет ұстамайды. Сол қинайды”, – деді зардап шеккен Анарбек Шарапатов.

Ал қожалықты басқарып отырған азамат облыстық мәслихат депутаты. Халық қалаулысын жұмыс орнынан таппадық. Байланысу мүмкін болмады. Алайда шаруа қожалығының заңгері жұмысшыларға арналған тасымал көлігі бар дейді. Апатқа ұшыраған трактордың тіркемесіне егіншілердің өздері мінген деп ақталды.

“5 адам мініп алған, анау екеуі жүгіріп келіп мінген. Енді олар көлікті күтпей тұр ғой. Қалғандарының бәрі машинаны күтіп тұрған. Еңбек заңы бойынша әр адам еңбек қауіпсіздігі туралы сабақтан өтсе, түсіндірілсе, ол қол қойса, өзі еңбек заңының талабын орындауға міндетті”, – деді "Жаңа жол" ЖШС заңгері Молдабек Ахметов.

Алайда еңбек инспекциясының өкілдері бұл жағдайға тікелей қожалық басшысы кінәлі дейді. Сондықтан өтемақы төлеуге міндетті деп отыр.

“Арнайы тергеп-тексеру комиссиясының қорытындысы бойынша бұл жерде жұмыс берушінің кінәсі 100% болып, ал жұмысшының кінәсі 0% болып акт шығарылған. Егер жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарты болған жағдайда сақтандыру компанияларының тарапынан арнайы мөлшерлеме көзделген. Ал шарт болмаған жағдайда ол серіктестік тарапынан өтелуі керек”, – деді Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің бөлім басшысы Бағлан Жұманов.

Өздігінен жүріп-тұра алмайтын азаматтың бес баласы бар. Көпбалалы әке мектепте еден жуушы болып жұмыс істейтін әйелімнің табысымен күнелтуге мәжбүр. 35 жыл бойы тер төккен жұмысымнан да, денсаулығымнан да бір сәтте айырылдым деген жігіт ағасы серіктестікті сотқа беріп жатыр.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 11 Маусым, 2026 08:09