Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Емдеудің орнына архив ақтарып отырмыз": TikTok-тағы тренд қазақстандық дәрігерлердің жұмысын қиындатып жіберді

Туған күн датасы
Фото: сюжет кадрларынан скрин

Қазақстанда наталдық карталарға қызығушылық күрт артып, тұрғындар өздерінің нақты туған уақытын білу үшін перзентханалар мен ауруханаларға жаппай өтініш жолдауда. Бұл медицина қызметкерлерінің негізгі жұмысына кедергі келтіруде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Өңірлік ауруханаларда туындаған күтпеген бюрократиялық жүктемеге TikTok пен Instagram-да тараған видеонұсқаулық себеп болды. Блогерлердің бірі e-Otinish мемлекеттік порталы арқылы нақты қай минутта дүниеге келгенін білу үшін архивтік медициналық құжаттарды ресми түрде қалай сұратуға болатынын егжей-тегжейлі түсіндірген

Соңғы екі аптада ғана Қостанай облысының денсаулық сақтау басқармасы астрологияға қызығатын азаматтардан 200-ден астам өтініш қабылдаған.

"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, біз белгілі бір мерзім ішінде жауап беруге міндеттіміз. Егер уақытында жауап бермесек, тәртіптік жауапкершілікке тартыламыз. Медицина қызметкерлері өздерінің негізгі міндеттерінен алаңдап, мұрағаттарды көтеріп, көптеген құжаттардың арасынан қажеттісін тауып, жауап дайындап, оны платформаға жүктеуге мәжбүр болады", – деді "Қостанай облыстық ауруханасы" КМК акушерлік-гинекологиялық көмек жөніндегі бас дәрігердің орынбасары Борис Аутенов.

Сонымен қатар, мұрағат құжаттары небәрі 25 жыл сақталады, содан кейін жойылады. Сондықтан жасы 30-дан асқан азаматтардың нақты туған уақытын анықтауы мүмкін емес.

Әлеуметтік желіде бір қазақстандық әйел e-Otinish арқылы қалай өтініш беруге болатынын кезең-кезеңімен түсіндірген. Бұдан соң желі қолданушылар оның астына түрлі пікірлер жазған. 

"Алақай! 26 жылдан кейін туған уақытымды ақыры білетін болдым", "Перзентханаға қоңырау шалғанымда, олар мұрағат сақталған ғимараттың бір бөлігі өртеніп кеткенін айтты. Бәлкім, жай ғана іздеуге ерінген шығар", – деп жазды олар. 

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, тек соңғы бір аптада 85 өтініш келіп түскен. Өтініштердің бір бөлігі перинаталдық орталықтар мен аудандық ауруханаларға жолданады.

 "Туған уақыт туралы ақпарат медициналық көмектің көрсетілу тәртібіне әсер етпейді. Сондықтан тұрғындардан түсіністікпен қарауды сұраймыз. Басқарма мен медициналық ұйымдардың негізгі қызметі – халықтың өмірі мен денсаулығын сақтау", – Қостанай облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының қоғамдық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Әлия Бекенова.

Астрологияда наталдық карта – адамның өзіндік астрологиялық төлқұжаты. Ол адамның туған сәтіндегі ғаламшарлардың орналасуына қарай жеке жасалады. Наталдық астрологтар осы карта арқылы адамның өміріндегі ықтимал оқиғаларды болжауға тырысады.

"Наталдық карта – адамның дүниеге келген сәтінің фотосуреті іспетті. Болжамдар, мінез-құлық ерекшеліктері, қабілеттері, қаржылық және кәсіби салалары осы құрал негізінде құрылады. Туған күні, уақыты және орны маңызды", – деді астролог Светлана Бармута.

Көбі туған уақытын қызығушылықпен іздесе, ата-аналар астрологтарға баласының қабілеті мен мінезін тану үшін жүгінеді.

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 11 Маусым, 2026 09:07