Қытайда тасқыннан кейін фермадағы 900-ге жуық жылан қашып кеткен

Қытайдың шығысындағы Хэнчжоу қаласында су тасқынынан кейін жылан фермасынан жүздеген бауырымен жорғалаушы қашып кеткен. Олардың арасында улы жыландар, соның ішінде кобралар да бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Sohu-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, көрші Дэнвэй ауылында жыландардың бірі тұрғынға шабуыл жасаған. Қазір зардап шеккен адамға ауруханада шұғыл медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Оқиғаға тайфун себеп болған. Табиғи апат салдарынан жергілікті су қоймасының бөгеті бұзылып, тасқын су Юньбяо елді мекеніндегі жылан фермасын шайып кеткен. Соның салдарынан фермадағы жыландардың басым бөлігі жоғалып кеткен.
Жергілікті әкімдік тұрғындарды сақ болуға шақырды. Дегенмен билік өкілдері қашып кеткен жыландардың бәрі бірдей адам өміріне қауіп төндірмейтінін мәлімдеді.
Су тасқынына байланысты зардап шеккен аймақтан шамамен 54 мың адам эвакуацияланды. Соңғы мәлімет бойынша, табиғи апаттан кемінде төрт адам қаза тауып, тағы сегіз адам із-түзсіз жоғалған.
"Түрлі тағам пісіремін, өкшелі аяқкиім киіп, саяхаттаймын": Желіде боянғанын көрсеткен 90 жастағы қазақстандық әже жұртты сүйсіндірді
Оқыңыз