Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тамағыма өксік қадалды": Наркенже Серікбаева ұзатылған қызы жайлы жазба қалдырды

Наркенже Серікбаева қызымен
Фото: instagram.com/narkenjeserikbaeva

Әнші Наркенже Серікбаева қыз ұзату мен келін түсіру тойларында жиі сұралатын “Келін болған қызымды” термесінің өз өмірінде де ерекше орны бар екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесі Оңтүстік өңіріне белгілі әулеттің қуанышына қатысып, сол жерде көпшілік сұрауымен осы термені орындаған. Әншінің айтуынша, қазақтың қыз ұзату тойларында бұл шығарма талай ананың жүрегін қозғайды.

“Бүгін Оңтүстікке белгілі өнегелі әулеттің құдалығында болдық. Ербол Садыр ағамыз келін алып, шаңырағы шаттыққа бөленіп, қуанышқа кенеліп жатыр. Қыз ұзатып, келін алған қай қазақтың қуанышына барсам да “Келін болған қызымды” деген термемді сұрайды”, – деп жазды әнші.

Наркенже Серікбаева бұл терменің авторы Ербол Садырдың әкесі Әбілхайыр ата екенін атап өтті. Оның сөзінше, тағылымы терең шығарманың әр жолы қызын ұзатқан ата-ананың ішкі күйін жеткізеді.

“Осы терменің авторы Ербол ағамыздың әкесі, Әбілхайыр атамыз екенін бірі білсе, бірі білмес. Тағылымы терең терменің тамыры тереңде жатыр. Өзім де Жансаямды ұзатқан кезімде тамағыма өксік қадалып осы термені орындағанмын”, – деді ол.

Әсіресе әншінің өз қызы Жансаяны ұзатқан сәтін еске алуы көпшілікті тебірентті. Ана жүрегіндегі қимастық пен қуаныш қатар келген сол сәтте өнер иесі бұл термені көзіне жас алып орындағанын жеткізді.

Наркенже Серікбаева қыз беру де, келін түсіру де қазақ үшін үлкен жауапкершілік әрі жүрекке салмақ түсіретін қуаныш екенін айтып, жас жұбайларға ақ тілегін арнады.

“Қай заманда да қыз берген, қыз алған оңай емес екі жаққа да. Жастардың бақыты баянды, сезімдері аяулы болсын! Тек тойда жүздесейік жақсыларым!” – деп жазды Наркенже Серікбаева.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 09 Шілде, 2026 18:02