Қазақстанда жасалған: Qarmet болаты отандық автобустар өндірісіне жол ашты

Қазақстандық кәсіпорындар өндірістік кооперацияны күшейтіп, машина жасау саласында отандық өнімнің үлесін арттырып келеді. Соның бір мысалы – QazTehna зауытында шығарылатын автобустардың шанақ бөлшектері Qarmet компаниясының мырышталған болатынан дайындалады.
2025 жылы кәсіпорында Қазақстандағы алғашқы гидравликалық қалыптау пресі іске қосылды. Мұндай жабдық автобус шанағының металл бөлшектерін өз күштерімен өндіруге мүмкіндік береді. Ал бөлшектерді дайындауда Qarmet металлургиялық комбинаты шығаратын 08КП маркалы мырышталған болат пайдаланылады.
QazTehna зауытының инженер-технологы Назар Бурихиннің айтуынша, қалыптау пресінің қуаты 1600 тоннаны қамтиды және Қазақстанда мұндай үлгідегі жалғыз жабдық саналады.
"Осы престе автобустардың негізгі шанақ бөлшектері – шатыр элементтері, бүйір панельдері және басқа да құрамдас бөліктері дайындалады. Болатты бізге Qarmet компаниясы жеткізеді. Біз әртүрлі қалыңдықтағы металды қолданамыз. Оның сапасы жоғары әрі қалыптау жұмыстарына өте қолайлы", – деді ол.
Отандық болатты пайдалану өндірісті жергіліктендіруді дамытуда және импорттық бөлшектерге тәуелділікті азайтуда маңызды қадам болды. Қалыптау өндірісінің іске қосылуының арқасында автобустар өндірісіндегі жергіліктендіру деңгейі 11%-дан астамға артты.
Қазір жаңа өндірістік желіде Yutong қалалық, туристік және мектеп автобустарына арналған негізгі шанақ бөлшектері шығарылады. Олардың қатарында шатырдың бүйір және орталық бөліктері, бүйір қаптамалары және басқа да қалыпталған металл бөлшектері бар.
"Отандық машина жасау кәсіпорындарымен ынтымақтастықты дамыту – Qarmet компаниясының негізгі бағыттарының бірі. QazTehna зауытына мырышталған болат жеткізу біздің металлургиялық комбинаттың өнімі заманауи жоғары технологиялық өндірістердің талаптарына толық сай келетінін көрсетеді. Біз үшін қазақстандық болаттың елімізде өндірілетін техниканы жасауға пайдаланылуы ерекше маңызды. Мұндай өндірістік кооперация ішкі нарықтың дамуына, жергіліктендіру үлесінің артуына және Қазақстан кәсіпорындары арасында тұрақты өндірістік тізбектердің қалыптасуына ықпал етеді", – деп атап өтті Qarmet мамандары.
Мұндай жобалардың жүзеге асуына Qarmet металлургиялық комбинатын ауқымды жаңғырту бағдарламасы мүмкіндік беріп отыр. Компания соңғы бірнеше онжылдықтағы ең ірі инвестициялық бағдарламасын іске асырып жүр. Бағдарлама өндіріс көлемін ұлғайтуға, өнім түрлерін кеңейтуге және отандық металлургияның бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға бағытталған.
Қазір комбинатта №8-9 жаңа кокс батареяларының, жаңа сұрыпты прокат кешенінің, үздіксіз ыстықтай мырыштау және полимерлі жабындар желісінің, сондай-ақ құю-прокат кешенінің құрылысы жалғасып жатыр. Жобалар іске асқаннан кейін құрылыс, машина жасау, автомобиль өндірісі және басқа да өнеркәсіп салаларында сұранысқа ие заманауи металл өнімдерінің өндіріс көлемі едәуір артады.
Qarmet компаниясының мырышталған болатының QazTehna автобустарын өндіруде қолданылуы қазақстандық металдың бүгінде отандық машина жасау өнімдерінің негізіне айналып келе жатқанын көрсетеді. Кәсіпорындар арасындағы өндірістік кооперацияның дамуы ел ішінде толық өндірістік тізбекті қалыптастыруға, қосылған құнды арттыруға және Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
"Түрлі тағам пісіремін, өкшелі аяқкиім киіп, саяхаттаймын": Желіде боянғанын көрсеткен 90 жастағы қазақстандық әже жұртты сүйсіндірді