Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда бір топ адам Қырғызстаннан заңсыз темекі әкеліп, сатып келген

Темекі заңсыз сатқан
Фото: ҚМА

Жамбыл облысында шетелден таңбаланбаған темекі әкеліп, бірнеше өңірде сатқан трансұлттық қылмыстық топ ұсталды. Олар банктен тыс ақша аудару жүйесін пайдаланып, заңсыз 293 миллион теңге тапқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, тергеу амалдарына сай, Жамбыл облысының тұрғыны Қырғызстаннан темекі өнімдерін заңсыз жеткізу арнасын ұйымдастырған. Кейін оларды өзіне бағынысты тұлғалар арқылы өткізген.

“Контрафактілік өнім Тараз қаласындағы сауда орындары арқылы сатылып, сондай-ақ Алматы, Шымкент қалаларына, Қарағанды, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарына жөнелтілген. Тергеу барысында 30-дан астам тінту жүргізілді. Заңсыз айналымнан жалпы құны 293 миллион теңге болатын таңбалаусыз 319 мыңнан астам қорап темекі өнімі тәркіленді. Төленбеген акциздердің сомасы 115 миллион теңге. Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында тауарды жеткізу мен өзара есеп айырысуды қамтамасыз еткен Қырғыз Республикасының азаматтары болған”, – делінген хабарламада.

Қаржы ағындарын жасыру мақсатында қылмысқа қатысушылар банктік жүйеден тыс ақша аударуға мүмкіндік беретін бейресми "Хавала" есеп айырысу жүйесін пайдаланған.

Сот санкциясымен өнімді тасымалдауға пайдаланылған үш автокөлікке тыйым салынды. Бес күдікті қамауға алынды. Қазір тергеу жалғасуда.

Stan.kz
Бейсенбі, 09 Шілде, 2026 14:43