40 мың доллар, көліктер мен техника: ШҚО-да заңсыз алтын өндіріп, экологияға зиян келтірген 63 адам ұсталды

Шығыс Қазақстанда бір топ адам алтынды заңсыз өндіріп, оны өңдеумен айналысқан қылмыстық схема әшкереленді. 63 адамнан тұратын топтан бірнеше автокөлік, арнайы техника және 40 мың АҚШ доллары табылды. Заңсыз қазба жұмыстары салдарынан аймаққа айтарлықтай экологиялық зиян келтірілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Полицияның мәліметінше алтынды заңсыз жолмен өндірген топ құрамында 63 адам болған. Оның 13 шетел азаматы.
“Олардың ішінде құқыққа қарсы схеманың басшылары мен ұйымдастырушылары, сондай-ақ өңір аумағында заңсыз қызмет атқарған 13 шетел азаматы бар. Тергеу және тінту іс-шаралары нәтижесінде бірнеше автокөлік пен арнайы техника, ірі көлемдегі ақшалай қаражат, оның ішінде 40 мың АҚШ долларынан астам сома, алтын құрамды шикізат пен алтын тәркіленді. Сондай-ақ заңсыз әрекетті растайтын құжаттар мен өзге де заттай дәлелдемелер алынды”, – делінген хабарламада.
Ведомство пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру нәтижесінде қоршаған ортаға елеулі зиян келтірілгенін алға тартты.
“Заңсыз қызмет салдарынан топырақ жамылғысы бұзылып, табиғи ландшафт өзгерген, жерлер бүлініп, өңір экожүйесіне өзге де кері әсерлер тиген Келтірілген экологиялық зиянның көлемі тағайындалған сараптамалар шеңберінде анықталуда.
Қазіргі уақытта бағалы металдардың заңсыз айналымы фактісі бойынша, сондай-ақ экологияға зиян келтіруге қатысты өзге де баптар бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қылмыстық заңнамаға сәйкес түпкілікті құқықтық баға тергеу нәтижелері бойынша беріледі”, – деді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуаныш Алпыс.
Америкалықтар қарсы шыққан ірі ЖИ-хаб Екібастұзда салынғалы жатыр: Экология жанашырлары неге алаңдаулы
Оқыңыз