Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қонақүй броньдалмаған болып шықты": Вьетнамға демалуға барған қазақстандықтар далада қалған

Ләйлә Жомартқызы
Фото: Видеодан скриншот

Қазақстандық сегіз адам Вьетнамға демалуға барамыз деп далада қалған. Сөздерінше, туроператордың кесірінен олардың қонақүйлері төленбеген. Олар турды сатқан Kaspi мен Kompass туроператорынан мәселені шешуді талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстандық 4 отбасы Вьетнамның Дананг қаласына Kaspi арқылы Kompass туроператорынан әртүрлі уақытта тур алған. Туристер қалаға жетіп, қонақүйге келген сәтте келеңсіз жағдай болды. Ләйлә Жомартқызының айтуынша, олардың атында ешқандай бөлме алынбаған.

“Сіздің нөмірлеріңіз төленбегендіктен, броньды алып тастадық” деді. Осылай далада қалдық. Амалсыз Kaspi-ға қоңырау шалдық. 3 сағат бойы нақты жауап болмады, күттіріп қойды. 11:00-ден 19:00-ге дейін қонақүйдің сыртында күтіп отырдық, ешқайда орналаса алмадық. Kompass-та не үшін бұлай болғанын түсіндірмеді”, – деді туристердің бірі.

Кейін Kompass-қа қарасты Кристалл компаниясының өкілі келген екен. Алайда ол да не болғанын түсіндіре алмай, бұған қатысы жоқ екенін айтыпты. Осылайша басқа қонақүйге орналастыратынын айтты.

Компанияны өкілі 31-нен 3-не дейін La Pavillion қонақүйінде боласыз деді. Одан кейін 4-інен 7-сіне дейін басқа қонақүйге ауыстыратынын айтты. Саяхатшылар амалсыздан келіскенін айтады. 

Оның есесіне олар “Кристалл компаниясына еш наразылығымыз жоқ” деп жазып беруге сұраған. 

“Қалай наразылығымыз жоқ? Неге шетелде айдалада қалдық? Бұл барлық көңіл күйімізге әсер етті, демалысымызды бұзды. Сондай-ақ әрі қарай өз ақшамызға басқа жерге көшетін болдық. Себебі берілген қонақүйдің сапасы төмен. Қаланың шетінде, яғни Данангтан 45 минут жердегі Хайон деген ауданда орналасқан. Ал бізге қаланың қақ ортасында теңіз көрініп тұратын қонақүйді уәде етті”, – деді Ләззат Жомартқызы. 

Kaspi.kz жағдайға қатысты пікір білдіріп, овербукинг болғанын мәлімдеді.

“Қонақ үй артық орын брондағандықтан, туристер бұрын расталған бөлмелерінде қала алмады. Біз жағдайды шешу үшін туроператормен бірден жұмыс істей бастадық. Қазір біз туроператормен және қабылдаушы тараптың өкілдерімен бірге болашақта осындай оқиғалардың алдын алу үшін қолдан келгеннің бәрін істеу мақсатында осы оқиғаның себептерін мұқият талдау үстіндеміз. Мәселе шешілді. Біз жағдайға тез арада жауап беріп, туроператормен бірлесіп, сол күні туристерге қосымша ақысыз басқа қонақ үйде тұруды ұсындық”, – деп мәлімдеді Kaspi.

Сөздерінше, өтемақы ретінде оларға тегін жеке тур және түскі ас ұсынылды.

Kompass туроператоры қонақүй нөмірі төленбеді деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтып, овербукинг екенін тағы да растады.

“Көшеде ешкім қалған жоқ. Мәселе туындаған бойда туристерге уақытша орналастыру қамтамасыз етілді. Командамыз бен операциялық директор оқиға орнына барып, мәселе толық шешілгенге дейін туристердің қасында болды. Барлық саяхатшы қонақүйге орналастырылды. 1,5 тәулік үшін өтемақы толық төленді”, – деп мәлімдеді туроператор.

Айтуларынша, овербукинг халықаралық туризмде, әсіресе жоғары маусым кезінде жиі кездеседі.

Қырмызы Скендір
Дүйсенбі, 03 Тамыз, 2026 14:14