Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда дәрігерлер жатырдан тыс жүктілік шағымымен келген әйелге шұғыл отаны тегін жасамай қойған

жатырдан тыс жүктілік

Фото: magnific.com

36 жастағы Аида Сатыбалдиева Алматыдағы №12 қалалық клиникалық аурухананың дәрігерлеріне қатысты әлеуметтік желіде жазба жариялады. Оның айтуынша, дәрігерлер жатырдан тыс жүктілік анықталғанына қарамастан, шұғыл операцияның ақылы екенін айтып, "өзің келдің, демек шұғыл емес" деп жауап берген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі денсаулық басқармасынан толығырақ сұрап көрді.

Аида Сатыбалдиеваның айтуынша, 5 шілде күні өзіне жатырдан тыс жүктілік диагнозы қойылған. 

"5 шілде күні жатырдан тыс жүкті екенімді білдім. Жекеменшік емханада УДЗ жасаған дәрігер жағдайдың шұғыл екенін бірден айтты. Кіші жамбас қуысында сұйықтық жиналып үлгерген екен. Маған жедел жәрдем шақыруды ұсынды. Бірақ мен уақыт жоғалтпай, ең жақын ауруханаға өзім жеткен дұрыс деп шештім. Күйеуіммен және үш баламмен бірге №12 қалалық клиникалық ауруханаға бардық. Мені акушер-гинеколог Назым Қайсарқызы Аманкелдиеваға жіберді", – дейді Аида Сатыбалдиева.
Фото: Аида Сатыбалдиеваның желідегі парақшасынан

Аида Сатыбалдиеваны бір жағдай қатты таңғалдырғанын айтады. Дәрігер УДЗ қорытындысына тіпті қараған да жоқ дейді ол.

"Оның орнына телефонын алып, калькуляторды ашып, менің қанша ақша төлеуім керек екенін есептей бастады. Біз "ең болмаса алдымен диагнозды нақтылап алмайсыз ба?" деп сұрадық. Осыдан кейін ғана маған қайтадан УДЗ жасалды. Ол жатырдан тыс жүктілік диагнозын растады. Мен "шұғыл операция да ақылы ма?" деп сұрадым. "Иә. Себебі сіз облыстан келгенсіз" деп жауап берді. Бірақ менің жағдайым шұғыл ғой деп едім, дәрігер күліп, "өзіңіз келдіңіз ғой, демек, шұғыл емес" деп сөйледі. Сонда мен “яғни мен қансырап, ес-түссіз күйде келуім керек пе еді?" дегенде, ол тағы да күліп "иә" деп айтты", – дейді Аида Сатыбалдиева.

Сондай-ақ дәрігер шұғыл медициналық көмекке ақы алынатынын Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен түсіндіргенін мәлімдеді.

"Менде бір ғана сұрақ бар. Шынымен, Қазақстанда жатырдан тыс жүктілігі бар әйелді шұғыл науқас деп тану үшін жатыр түтігі жарылып, ішкі қан кетіп, өмір мен өлімнің арасында қалуын күту керек пе? Егер дәрігер денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сүйенсе, онда министрлік сол бұйрықты ресми түрде көрсетсін. Ал егер ондай бұйрық болмаса, аурухана қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға берсін. Қазір мен денсаулық сақтау министрлігіне ресми шағым дайындап жатырмын. Бейжай қалмауларыңызды сұраймын. Бүгін осы жағдай менің басымнан өтті. Ертең менің орнымда кез келген әйел болуы мүмкін", – дейді Аида Сатыбалдиева.

Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы шағымданған әйелдің оқиғасына қатысты пікір білдірді. 

"Аталған оқиға бойынша Орталық қалалық клиникалық аурухананың әкімшілігі қызметтік тексеру жүргізеді. Тексеру қорытындысы бойынша болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, қызметкерлердің әрекетіне тиісті баға беріледі. Тексеру нәтижелері туралы қосымша хабарланады", – деп пікір білдірді денсаулық сақтау басқармасы.
Айым Атамбаева
Бейсенбі, 09 Шілде, 2026 13:50