Прокурор Сұлтан Сәрсемәлиевке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады

Атырау облысында бір отбасының төрт мүшесінің өліміне қатысты резонансты іс бойынша мемлекеттік айыптаушы айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Атырау облысында төрт адамның қазасына қатысты резонансты іс аяқталуға жақын. Мемлекеттік айыптаушы айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевке ең қатаң жаза өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады.
Айта кетейік, Сәрсемәлиевке тек адам өлтірді деген айып тағылған жоқ. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол екі немесе одан да көп адамды аса қатыгездікпен, пайдакүнемдік ниетпен және өзге де ауырлататын мән-жайлармен өлтірді деп айыпталған.
Бұдан бөлек, оған қатысты өзге де айыптар бар. Мемлекеттік айыптаушы:
- аса ірі көлемдегі ұрлық үшін – 6 жыл,
- алаяқтық үшін – 6 жыл,
- мал ұрлығы үшін – 4 жыл,
- құжаттарды заңсыз алып қою, жою және жасыру фактісі үшін – 60 АЕК мөлшерінде айыппұл тағайындауды сұрады.
Алайда барлық айыптарды ескере отырып, түпкілікті жаза ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және жазаны төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтеуді ұсынды.
Оқиғаның мән-жайы
2025 жылғы желтоқсанда полицияға 66 жастағы ер адам – Мақсот Қарабалин, 64 жастағы әйел – Насип Өтешқалиева және олардың балалары – 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының із-түссіз жоғалғаны туралы хабар түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы мүшелері қараша айынан бері байланысқа шықпаған, олардың қайда екені белгісіз болған.
Төртеуі де хабар-ошарсыз кеткендер ретінде іздеуге жарияланды. Осы дерек бойынша соталды тергеу басталып, жедел-тергеу тобы құрылды.
Биыл 6 қаңтарда тергеу әрекеттері барысында үйлердің бірінің шаруашылық құрылысынан Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиева мәйіттері көмілген күйде табылды. Осыдан кейін іс кісі өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, жоғалған балаларды іздеу жалғасқан.
Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев – қаза тапқан отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге марқұмдардың кенже қызы да халықаралық іздеуге берілген. Бұған дейін ол күдіктімен некеде болған.
Күдікті Индонезияда ұсталды. Онымен бірге отбасының кенже қызының да жүргені анықталған. Ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындап, тергеуге жауап берді. Оның жауабы бойынша, жедел-тергеу тобы қайта тергеу әрекеттерін жүргізіп, Атыраудағы үйдің ауласынан бұрын хабар-ошарсыз кеткен Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіттерін тапты.
"Түрлі тағам пісіремін, өкшелі аяқкиім киіп, саяхаттаймын": Желіде боянғанын көрсеткен 90 жастағы қазақстандық әже жұртты сүйсіндірді
Оқыңыз