Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық полиция жасырын патрульдің қауіпті жүргізушілерді қалай ұстайтынын көрсетті

алматылық полиция
Фото: Видеодан скрин

Алматыда жасырын патруль жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізушілерді анықтады. Арнайы белгісі жоқ қызметтік көлікпен патрульдеген полицейлер қауіпті маневр жасаған BMW және Toyota жүргізушілерін тоқтатып, оларды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға түнгі уақытта Әл-Фараби даңғылы мен Сейфуллин даңғылының қиылысында болған.

Әкімшілік полицияның іздестіру бөлімінің қызметкерлері арнайы белгісі жоқ қызметтік көлікпен патрульдеу кезінде жол ережесін бұзу фактілерін тіркеген.

Полицияның хабарлауынша, екі көліктің жүргізушілері жолақтарды ретсіз ауыстырып, қауіпті маневрлер жасап, жол қозғалысының өзге қатысушыларына қауіп төндірген.

Тәртіп сақшылары екі көлікті де тоқтатып, жүргізушілерді әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сондай-ақ көліктер мамандандырылған айып тұрағына қойылды.

Полиция жасырын патрульдеу қауіпсіздік талаптарын әдейі елемейтін және жолда апатты жағдай туғызатын жүргізушілерді анықтау үшін қолданылатынын еске салды.

Еске салсақ, 21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болған еді. Салдарынан үш адам қаза тапты. Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жазба жариялап, видеода ер адам көлік жарысы болғанын, онда полиция департаментінің бір бөлімше бастығының орынбасары өз қызметтік көлігімен қатысқанын айтқан. Артынша, жол апатына байланысты полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 09 Шілде, 2026 10:05